Нұр-Сұлтанда 800-ден астам отбасы апатты үйлерден жаңа үйлерге көшіріледі

0
648

Қалада 125 апатты үй бар.


Нұр-Сұлтанда 800-ден астам отбасы апатты үйлерден жаңа үйлерге көшіріледі

ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтанда 800-ден астам отбасы апатты үйлерден жаңа үйлерге көшіріледі, деп жазады қала әкімдігінің ресми сайты.

Сонымен бірге тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында 50-ден астам көппәтерлі тұрғын үй кешендерінде жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Апатты үйлердің ішінде 1931 жылы салынғандары да бар. Қаланы аралау барысында елорда әкімі Алтай Көлгінов ескі үйлерді аралап, тұрғындармен әңгімелесті.

Сарыарқа ауданы, Бесшатыр көшесі, 8 тұрғындары 2019 жылдың күзінде елорда әкімімен кездескеннен кейін ауданда бірқатар мәселелердің шешілгенін айтты. Асфальт төселіп, кәріз мәселелері шешілген. Қазіргі таңда апаттық тұрғын үйлерді бұзу мәселесі қалып отыр, "Үй көз алдымызда сүріліп жатыр. Қыста көппәтерлі үйді көмірмен жылытамыз. Үй суық".


"Қалада 125 апатты үй бар. Сіздің ауданда былтыр болып, осы жылы сүрілетін үйлердің қатарына қостық. Осы үйдің барлық отбасылары жаңа жылды жаңа пәтерлерде қарсы алады. Биыл 800 - ден астам отбасын жаңа үйлерге көшіреміз", - деді қала әкімі Алтай Көлгінов.


Тағы бір сүрілетін үйдің тұрғанына 90 жыл болыпты (Алтынсарин к-сі). Сондай-ақ, қасында темір жолдар салынған барак типтес үйлер бұзылады, "Вагон рельстен шығып, біздің үйімізге жақын жерде құлап кеткен жағдайларда болды. Балаларды далаға жіберуге қорқамыз, кенеттен рельс астына түсіп қалса деп қорқамыз».

Сонымен қатар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында елордада 50-ден астам көппәтерлі тұрғын үй кешені жөндеуден өтеді.


"Тұрғын үй салу — маңызды бағыттардың бірі. Егер 800-ден астам отбасы апатты үйлерден жаңа үйлерге көшетін болса, биыл кезекте тұрғандар үшін 8 мыңнан астам әлеуметтік пәтер салынады. Бірақ біраз жыл бұрын ғана салынған үйлер бойынша да сұрақтар бар. Онда плиткалар құлап жатыр. Бұл үйлермен де айналысамыз. Мысалы, "Инфинити", "Территория комфорта-2", "Орбита", "7 бочек" және т. б. сияқты тұрғын үй кешендері. Мемлекет күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаражат бөледі, содан кейін бұл қаражат тұрғындар арасында 15 жылға дейінгі мерзімге бөлінеді", - деді қала әкімі Алтай Көлгінов.