Көшеде кетіп бара жатқан адамдардың көзінше әйел адамға шабуылдаған.
ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтанда 44 жастағы әйел мен 13 жастағы оқушы қызға шабуылдаған ер адам ізі суымай қолға түсті, деп жазады ҚазАқпарат.
Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға Қошқарбаев көшесінде болған. Белгісіз біреу көшеде кетіп бара жатқан адамдардың көзінше әйел адамға шабуылдаған. Алдымен ол әйелдің қолындағы сөмкесін тартып алмақ болған. Сол сәтте әйел айқай салып, айналасындағылардан көмек сұраған. Осы кезде жақын маңда кетіп бара жатқан ер адам әйелді тонамақ болған бұзақыға тап берген. Тонаушы сол сәтте оқиға орнынан ізін суытқан. Оқиғаның куәгерлері болған жәйт туралы «102» нөміріне хабарлаған.
Алайда баукеспе осы әрекетін тағы жалғастырған. Ол енді көшеде кетіп бара жатқан 13 жастағы оқушы қыздың рюкзагын тартып алған. Оқиға орнына бірден полиция наряды жетті. Тәртіп сақшылары 36 жастағы ер адамды қылмыс болған маңнан ізін суытпай ұстады.
Осы оқиғалар бойынша «тонау» бабы негізінде қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған адам қамалды. Заттай айғақтар тәркіленіп, иесіне қайтарылды.
Нұр-Сұлтан қаласының тәртіп сақшылары қылмысқа немқұрайлы қарамай, әрекет еткен азаматтарға алғыс білдіреді.