Нұр-Сұлтанда маса улау жұмыстары басталды

0
1 566

Былтыр елордада бір әйел маса шаққаннан көз жұмған


Нұр-Сұлтанда маса улау жұмыстары басталды

ERNUR.KZ. Маса шақса өліп кетуіңіз әбден мүмкін. Мұны адамдардың көбі ескере бермейді дейді дәрігерлер. Сондықтан елордада қансорғыш жәндіктермен күресу басталып кетті, деп жазады almaty.tv.

Байқоңыр, Сарыарқа, Алматы және Есіл аудандарының әкімдіктері жылдағыдай дезинсекциялық шараларға кірісті. Алты кезеңнен тұратын бұл шаруа қазан айына дейін жалғасады.

«Сарыарқа ауданының әкімдігі бұл науқанға 11 миллион 500 мың теңге бөлді. Дезинсекциялық шаралар 6 кезең бойынша жүргізіледі. Қазір алғашқы кезеңін. Ол бойынша Сарыарқа ауданындағы тұрғын үй аумақтарын, саябақтарды, таяз су қоймаларын өңдеп жатырмыз», – дейді Дезинсекциялық кәсіпорын директорының орынбасары Темірбек ЖАҚСЫМҰРАТОВ.

Маманның айтуынша, улау жұмыстары әдетте кешке және түнде жүргізіледі. Себебі дәл осы уақытта далада маса қаптайтын көрінеді. Сондай-ақ мамандар сепкен дәрінің әсері жауын жаумаса, 20 күнге дейін сақталады дейді. Алайда, энтомолог дәрігерлер 20 күнді күтіп отыра бермей, дезинсекциялық шаралар жүргізілген аймақтардан дернәсілдердің шықпауын әр төрт күн сайын қадағалап отырады.

«Мұндай алдын алу жұмыстары міндетті түрде қажет. Себебі дауыл көтеріліп, жаңбыр, бұршақ жауса, дернәсілдер уланбай қалады. Дезинсекциялық жұмыстар үшін агран препаратын қолданудамыз. Ол маса мен шыбын-шіркейді улауға да жақсы. Препарат роторлы бүркеуішпен шашылуда. Мөлшерін асырмау қажет. Бір гектар жерге удың 350 грамы жеткілікті. Одан асып кетсе, масаның оған үйреніп кетуі әбден мүмкін», – дейді энтомолог дәрігер Айнұр СЕЙДАХМЕТОВА.

Ал, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандары масаның шамадан тыс көбейіп кетпеуі үшін күнделікті мониторинг жүргізілетінін айтады. Себебі бұл жәндіктің шағуы адам өліміне дейін алып келуі әбден мүмкін екен. Бұған былтыр елордада болған қайғылы жағдай дәлел бола алады. Сол себепті маса шаққан соң өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, шұғыл түрде дәрігерге жүгінген жөн дейді олар.

«Маса сілекейіндегі сұйық зат қанның ұюына кедергі келтіреді. Сондықтан әлгі жер қышып, ісіп, тіпті аллергияға апарып соғуы мүмкін. Сондықтан аллергия асқынып кетсе, өз бетіңізбен ем қабылдамай, дәрігерлерге қаралу керек. Былтыр елордада маса шаққан бір әйел адам қайтыс болды. Ол ауруханаға өте кеш жүгінген», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәдуақас БАЙҒАБЫЛОВ.

Энтомолог дәрігерлер шаһардағы үш су қоймасында аса қауіпті жұқпа – безгек тарататын масалардың барын айтуда. Алайда жіті бақылауға алынған бұл жәндіктер тұрғындар үшін ешқандай қауіп туғызбайды. Себебі инфекция көзі жоқ. Десе де, қансорғыштардың қауіпті екенін ұмытпай, барынша сақтанған абзал дейді олар.