Нұр-Сұлтанда Түркия елінің тонналаған анары өртелді

0
786

Түркия елінен келген анар жемістеріне карантиндік фитосанитарлық бақылау жүргізілген.


Нұр-Сұлтанда Түркия елінің тонналаған анары өртелді

Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігінің инспекторлары өртеу әдісімен зақымданған 2 318 килограмм анар жемісін жойды, деп хабарлайды ERNUR.KZ аталған ведомствоға сілтеме жасап.

"Ауыл шаруашылығы министрлігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша аумақтық инспекциясы Түркия елінен келген анар жемістеріне карантиндік фитосанитарлық бақылау жүргізу барысында 2 318 килограмм жидекке қауіпті карантиндік зиянкестер – Комсток құрты түскенін анықтады", - деп жазылған министрліктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Аталған өнім тәркіленіп, экополигон аумағында өртеу әдісімен жойылды.Сонымен қатар, осы факті бойынша инспекторлар әкімшілік іс қозғап, сот шешімімен өнім иесіне 53 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бұл қауіпті зиянкес алмұрт, алма, анар, шабдалы, өрік, банан, інжір, жүзім, цитрустер, картоп, қарбыз, қауын, бұрыш және басқа да бақша көкөністері мен жеміс-жидектерін және жабайы өсімдіктерді зақымдайды. Ол жаппай таралған кезде өсімдіктер қурап кетуі мүмкін.