Нұр-Сұлтандағы қатты желдің салдарынан 3 адам ауруханаға түсті

0
542

​Қатты жел мен боранның салдарынан ағаштар құлап, шамдар қирап, шатыр бұзылды.


Нұр-Сұлтандағы қатты желдің салдарынан 3 адам ауруханаға түсті

ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтан қалалық төтенше жағдайлар департаменті қатты дауылдың салдарынан келген шығынды жариялады, деп жазады sputnik.kz.

"Өткен түнде ауа райының нашарлауына байланысты (боран, екпінді жел, жолдың нашар көрінуі, көктайғақ) елордалық құтқарушылар күшейтілген режимде жұмыс істеп, 35 рет жолға шықты. Қала және қала маңындағы учаскелерде авариялық-құтқару операцияларын жүргізу кезінде 160 адам, оның ішінде 52 бала құтқарылды", - дейді департамент мамандары.

Қалада аялдамаларда автобус күтіп тұрған азаматтарды үйге жақын жерге жеткізу шаралары да атқарылды. "112" желісіне 2175 қоңырау түскен.

"Қатты жел мен боранның салдарына қатысты хабарламалар аз түскен жоқ. Соның ішінде ағаштың құлауы, сынған шамдар, шатыр профлистерінің бұзылуы және басқа жағдайлар бар. Барлық жағдай меншік иелерінің күшімен жойылады. Қатты желдің салдарынан қалалық ауруханаларға 3 адам жүгінген, олардың ішінде бір бала бар", - деп атап өтті құтқарушылар.
Осы орайда мамандар ауа райының өзгеруін және енгізілген шектеулерді қадағалап, дабылды ескерту жарияланған жағдайда қаладан тыс жерлерге барудан бас тартуға кеңес берді. Жел күшейсе, ғимараттардан шықпаған дұрыс. Балаларды ерекше бақылауға алып, оларды қараусыз қалдырмау керек.
"Ал көшемен келе жатқанда қатты жел көтерілсе, жерасты өткелдерін немесе ғимараттардың кіреберістерін паналауға кеңес береміз. Үйлердің қабырғаларына жақын жасырынбаңыз, өйткені шатырдан шифер мен басқа материалдар құлауы мүмкін", - деді құтқарушылар.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда "112" телефонына қоңырау шалу қажет.