Нұрғали Аппазов ұсталды: бұрынғы әкімнің оқиғасы қалай жалғасты?

0
193

Алматы облысы Талғар ауданы Панфилов ауылдық округінің бұрынғы әкімі Нұрғали Аппазов алғаш рет 2020 жылы белсендіге қарулы шабуыл жасағаны үшін 7 жылға сотталған болатын.


Нұрғали Аппазов ұсталды: бұрынғы әкімнің оқиғасы қалай жалғасты?

Фото: akimat-talgar.gov.kz

ERNUR.KZ. ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) Алматы облысы Талғар ауданы Панфилов ауылдық округінің бұрынғы әкімі Нұрғали Аппазовтың ұсталғаны туралы мәлімдеді, деп жазады tengrinews.kz.

Ведомство мәліметінше, сот шешімін орындау аясында 15 қарашада Аппазов ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

"Қазіргі уақытта ол жазасын әрі қарай өтеу үшін қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесіне жіберіледі", – деп хабарлады ҚАЖК баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, Алматы облысы Талғар ауданы Панфилов ауылдық округінің бұрынғы әкімі Нұрғали Аппазов алғаш рет 2020 жылы белсендіге қарулы шабуыл жасағаны үшін 7 жылға сотталған болатын. Екінші рет ол 2022 жылы әкім қызметін атқарған кезінде жерге байланысты жасалған алаяқтық әрекеттері үшін сотталған.

Сот шешімі бойынша, ол жалпы алғанда 8 жылға бас бостандығынан айырылып, 2030 жылы бостандыққа шығуы тиіс еді. Алайда Tengrinews.kz тілшілері 2023 жылдың қазанынан бастап Аппазовтың ҚАЖК жүйесінде тіркелмегенін анықтады.

Алматы облыстық сотының редакция сауалына берген жауабында, 2023 жылдың 14 қыркүйегінде Қонаев соты оның жазасын айыппұл түріндегі жеңіл жазаға ауыстырғаны айтылды. Алайда 2024 жылдың 8 ақпанында екінші сатыдағы сот жазаны жеңілдету туралы шешімнің күшін жойды.

Бірақ осыдан кейін Аппазов қамауға алынбағаны белгілі болды және ҚАЖК деректері бойынша қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде тіркелмеген.