Нығматулин "түсініксіз" зерттеулерге миллиардтаған теңге сұраған білім министрін сынады

0
1 532

Нығматулин білім министрлігіне өткен жылы дәл осы әлеуметтік зерттеулерге бөлінген соманы мысалға келтірді.


Нығматулин

ҚР Мәжілісінің жалпы отырысында төменгі палата спикері Нұрлан Нығматулин жыл сайын әлеуметтік зерттеулер мен консалтингтік қызметке бөлінетін қаражатты тексеруді сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырысында Нұрлан Нығматулин әлеуметтік зерттеулерге қыруар қаржы жұмсап отырған білім және ғылым министрлігін сынға алды.

"Ерлан Кенжеғалиұлы (білім министрі – автор ескертп.), жауапты апатты мектептерден бастаған екенсіз. Мен сіздердің бұл бағытта қалай жұмыс істеп жатқаныңызды айтайын. Қазақстанда бүгінде 45 апатты мектеп жұмыс істеуін жалғастыруда, 127 мектеп әлі үш ауысымдық. Бұл бір. Екіншісі, бізге шынымен де осы әлеуметтік зерттеулер мен консалтингтік қызметтердің басын ашып алу керек. Қараңыздар, 2018 жылға арналған бюджетте әлеуметтік зерттеулер жүргізуге 17 мемлекеттік органмен 7,2 млрд теңге қарастырылған. Бүгінгі нақтыланған бюджетте тағы сол әлеуметтік зерттеулерге қосымша 3,3 млрд теңге көзделіп отыр. Біз әрине мұндай зерттеулерді өткізуге қарсы емеспіз, мүмкін бұл қажет те шығар. Жаңа сіз өз аргументтеріңізді келтіруге тырыстыңыз. Бірақ, осы тұста кейбір көрсеткіштер мен фактілерге назар аударғым келеді. Мәселен, бюджетте мүгедектерді күтіп-бағатын адамдарға төленетін жәрдемақыға республикалық бюджетте 2,7 млрд теңге қарастырылған. Ішкі істер министрлігіне өткен су тасқынына байланысты бюджетті нақтылау кезінде 1,6 млрд теңге бөлініп жатыр. Қалай сонда, әлеуметтік зерттеулер саласында су тасқынына қарағанда шұғыл төтенше жағдай қалыптасты ма?", — деп ашуланды спикер.

Нығматулин білім министрлігіне өткен жылы дәл осы әлеуметтік зерттеулерге бөлінген соманы мысалға келтірді.

"Жаңа депутат Жұмаділдаева атап өтті, әлеуметтік зерттеулерге бөлінген 460 млн теңгеге қосымша 800 млн теңге алуды жоспарлап отырсыздар. Сонда жалпы биылғы жылға 1,3 млрд теңге бөлінбек. Әріптестер, қараңыздар. Бұл қалай жасалады? Өткен жылдың бюджетін алайық. Дәл осы министрлікте әлеуметтік зерттеулерге дәл осындай 1,3 млрд теңге қарастырылған. Алдымен 770 млн теңге бөлініпті, нақтылау кезінде тағы 540 млн теңге қосылған. Сонда сіздер жыл сайын әлеуметтік зерттеулерге миллиард теңге жұмсауды жоспарға айналдырып алдыңыздар ма? Әрине, егер осы зерттеулерді көріп, бағалап, қолдансақ жақсы ғой. Өкінішке қарай, ол да жоқ. Мәселен, мынадай зерттеу "экспертно аналитическое сопровождение реализации некоторых мер государственной комуникативной политики в условиях процесса модернизации в рамках современного Казахстана". Бұ зерттеу білім жүйесіндегі қандай проблеманы шешпек сонда? Тағы үлкен сұрақ. Бірақ осы зерттеу жұмысына қыруар қаржы сұрап отырсыздар. Мұндай мысалдарды білім министрлігінен ғана емес, жіті тексерсек, басқа да мемлекеттік органдардан табуға болады", — деді Нығматулин.

Мәжіліс төрағасы осы орайда Есеп комитетіне өтініш айтты.

"Келесі жолы парламентке республикалық бюджет бойынша есеп беруге келгенде, әлеуметтік зерттеулер мен консалтингтік қызметтерге бөлінетін бюджет қаражатын тексеруді өтінеміз. Бұл сома жылдан жылға өсіп отырғанын көріп отырмыз. Назар аударуды талап етеміз. Егер осындай бассыздық болса, мемлекеттік органдардың басшыларынан жауабын сұрайық. Әр жыл сайын осындай зерттеулерге миллиардтаған қаржы құрту жоспарға айналды ма?", — деді ол.