Нью-Йорктің федералдық соты Ильяс Храпуновқа санкция салды

0
550

Бұл Нью-Йорк сотының Храпуновқа ақшалай санкциялар салуының екінші кезі, біріншісі – интернет арқылы құпия айғақтар жария етілгеннен кейін салынған еді.


Нью-Йорктің федералдық соты Ильяс Храпуновқа санкция салды

ERNUR.KZ. АҚШ-тың Нью-Йорктің Оңтүстік округінің аудандық соты 2022 жылдың 4 мамырында Ильяс Храпуновқа сот бұйрықтарын бірнеше рет бұзғаны, дәлелдемелерді жойғаны және сотқа жалған жауап бергені үшін 221 285,31 доллар көлемінде санкциялар салды. Төлемге 30 күн уақыт берілген, деп жазады inbusiness.kz.

Бұл Нью-Йорк сотының Храпуновқа ақшалай санкциялар салуының екінші кезі, біріншісі – интернет арқылы құпия айғақтар жария етілгеннен кейін салынған еді. Сонымен қатар сот жауапкерлердің сот процесін бұзғандығын осымен алтыншы рет растап отыр.

Осы аптада қабылданған бұйрық Храпуновқа салынған санкциялардың мөлшерін белгіледі және бітімгершілік судьясы Кэтрин Паркердің 2020 жылғы 19 мамырдағы шешімінің жалғасы саналады.

Бұл шешімді Округтік судья Элисон Дж. Натан қолдады. Ол, өз кезегінде, бұған дейін БТА Банкінің және Алматы қаласы әкімдігінің Әблязовқа, Храпуновқа және Triadou SPV S.A. жалған компаниясының АҚШ-та ондаған миллион АҚШ долларын жылыстатқаны үшін қойған талаптары үшін үлкен маңызы бар дәлелдемелерді табуына Әблязовтың, Виктор және Ильяс Храпуновтардың кедергі келтіргенін анықтаған.

Сот жауапкерлердің айғақтарды жасырғанын, дәлелдемелерді әдейі жойғанын, жалған айғақтар бергенін, сот қаулыларын бұзғанын анықтады.

Осы аптада қабылданған шешімде судья Паркер "БТА Банк" АҚ мен Алматы қаласы әкімдігі мүдделерін білдіретін заңгерлер командасын мақтап, оларды дайындалған және білікті адвокаттар деп атады.

Мэтью Л. Шварц, Boies Schiller Flexner LLP Басқарушы серіктесі және талапкерлердің адвокаты былай деп мәлімдеді:

"Алматы қаласы мен "БТА Банк" АҚ соттың бұл істі мұқият бақылауын бағалайды. Мұхтар Аблязов, Ілияс Храпунов және олардың сыбайластары сот процесіне адал қатысудан бірнеше рет бас тартып, соттың көптеген қаулыларын бұзған. Осыған қарамастан, олардың қылмыстарының дәлелі өте көп. Біз бұл дәлелдерді Нью-Йорк қаласының алқабилер сотының алдында ұсынуды асыға күтеміз".

Алматы қаласы мен БТА Банкінің атынан Нью-Йорк процесі Мұхтар Әблязовтың және оның қылмыстық сыбайластарының ұрланған ақшаны АҚШ-та жылыстатқаны үшін айыптауы бойынша алты жылдан астам уақыт бұрын басталған болатын. Бүкіл әлем бойынша соттар анықтағандай, Әблязов жалған несие беру арқылы БТА банкінен миллиардтаған долларды жымқырған. Ол осы іс-әрекеттер үшін Қазақстанда сотталған, сондай-ақ Ұлыбритания соттарында жауапты деп танылған.

АҚШ-тағы сот талқылауы барысында талапкерлер Әблязов қылмыстарының қосымша қомақты дәлелдерін жинады, сондай-ақ осы қылмыстардың көптеген куәгерлерінің айғақтарына қол жеткізді. Негізгі сот процесінің басталуы 2022 жылдың күзінде Нью-Йоркте американдық алқабилер сотының алдында өтеді деп жоспарланған.

Еске сала кетсек, осыған ұқсас әрекеттері үшін Храпуновтың бірлескен жауапкері Мұхтар Әблязовқа да бұрын 140 115,60 АҚШ доллары мөлшерінде санкция салынған болатын.