Министр адам папиллома вирусына қарсы вакциналау әлемнің 140 елінде жүргізілетінін атап өтті.
ERNUR.KZ. Қазақстанда вакциналаудың бірінші кезеңінде 100 мыңнан астам жасөспірім қызға папиллома вирусына қарсы екпе егіледі. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.
Министр адам папиллома вирусына қарсы вакциналау әлемнің 140 елінде жүргізілетінін атап өтті. Бұл мемлекеттерде жатыр мойны обырымен ауыру көрсеткіші 60%-ке төмендеген.
Қазақстанда алғашқы кезеңде жүз мыңнан аса оқушы қыз егіледі. Осыған байланысты биылдан бастап халық арасында ақпараттық жұмыс жүргізіледі.
"Барлық 11 жастағы қызға ата-аналардың келісімімен және дәрігердің тексерісінен кейін вакцина егіледі. Бірінші кезеңде 100 мыңнан астам қызды вакциналау жоспарланып отыр", - деді Ғиният үкімет кулуарында.
Ол папиллома вирусына қарсы вакциналауды министрлік 2012 жылы енгізбек болғанын еске салды. Алайда ол уақытта айтарлықтай тәжірибе және халықтың хабары болмағандықтан, бұл шара қолдау таппаған.
"Вакцинацияны дер кезінде енгізгенде онкологиялық аурудың алдын алуға болар еді. Біз профилактикалық шараларға көп көңіл бөлеміз. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде деген. Әйелдер арасындағы қатерлі ісіктің алдын алу тәсілдерінің бірі – кәмелетке толмаған қыздарды адам папиллома вирусына қарсы вакциналау", - дейді Ғиният.
Оның айтуынша, жыл сайын Қазақстанда екі мыңға жуық әйел жатыр мойны обырына шалдығады.