Білім алушылардың тағы 30%-ы білім ордасынан су сатып алатын көрінеді.
ERNUR.KZ. Сенат депутаты Ақмарал Әлназарова ел мектептеріндегі оқушыларды тамақтандыру мәселесін көтерді, деп жазады inbusiness.kz.
Депутаттың айтуынша, тамақ пісіруге тым құнарлы май қолданылып, қант пен тұздың мөлшері 2 еседен асады. Бұдан бөлек, ол қазақстандық балалардың 58%-ына анемия таралғанын, А дәруменінің тапшылығы 23%-ды құрайтынын да жеткізді.
"Білім беру мекемелерінде тамақтануға байланысты топтық сырқаттану тіркелген жағдайлар көбейіп кетті. 2020 жылдан бері мектеп жасындағы 425-ке жуық бала тамақтан топпен улану салдарынан зардап шекті. Негізгі себептер асхана қызметкерлері арасында ішек инфекциясының болғаны, медициналық тексеруден өту туралы құжаттарды қолдан жасау, объектінің санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысының болмауы, азық-түлікті сақтау және өткізу шарттарының бұзылу жағдайы болып отыр. Бүгінде, елімізде 7381 мектеп жұмыс істейді. Күн сайын 1,5 миллионнан астам бала тамақтанады және олардың саны көбейіп келеді. Сондықтан, балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз ету шараларын күшейту керек", - деді сенатор.
Ақмарал Әлназарова мектептердің 20%-ында ғана бірыңғай тамақтандыруды ұйымдастырудың қолданыстағы стандарттары жүзеге асқанын баса айтты.
"Асхана саласындағы қызметкерлердің біліктілігі мәселесі ерекше назар аударуды талап етеді. Әрбір үшінші мектеп асханасында кәсіби білімі жоқ аспаздар жұмыс істейді, 21,8%-ында арнайы біліктілігі жоқ. Білім беру ұйымдарында таза ауыз суға қол жеткізу әлі де проблема болып қалып отыр. Мектеп оқушыларының 68%-ы үйден су әкеледі, шамамен 30%-ы мектептен су сатып алады. Мектеп қабырғасында ауыз суға қол жеткізу балалардың қантты сусындарды ішуін азайтады. Сондай-ақ, мектептегі тамақтану құны туралы бір ауыз сөз айтайын. Мектептегі тамақтану құнын есептеу барысында шикізаттық емес шығындар есепке алынбайды, өнімді сатып алуға тікелей шығындар ғана ескеріледі", - деді сенатор.