Коронавирустың "Омикрон" штамының таралуымен COVID-19 пандемиясы аяқталуы мүмкін.
ERNUR.KZ. Бұл туралы Гамалея орталығының профессоры Анатолий Альтштейн айтты, деп жазады Tengrinews.kz.
"Дельта" кетеді, оның орнына осы вирус келуі мүмкін, бірақ қазіргідей қауіпті індет болмайды. Қазір шамамен адамдардың 3 пайызы мерт болып жатыр, ал осы штамм ("омикрон" - автор.) шынымен тараса, патогенділік төмендеуі мүмкін. Коронавирустан өлім жағдайлары тұмаумен бірдей болғанда, пандемия аяқталды деп ойлай берсек болады. Пандемия "омикронмен" аяқталуы мүмкін", - деді Альтштейн Sputnik радиосына берген сұхбатында.
Ол жаңа жылға дейін "омикрон" штамы таралып үлгермейтінін атап өтті. Сондай-ақ, ғалымдардың жаңа штамм ерекшеліктері туралы қазіргі мәліметтеріне сәйкес, көп жағдайда ауру ауыр формада өтпейтіні айтылды. "Рас, болашақ менің болжамымды дәлелдеуі мүмкін, өйткені вирус қазір қарт адамдарға жетпеген болуы мүмкін", - дейді маман.
Бұған дейін Африканың оңтүстігінде коронавирустың жаңа штамы B. 1.1.529 ("омикрон") табылған еді, ол "өте көп мутацияға түскен". 26 қарашада ДДСҰ коронавирустың жаңа, қатты мутацияланған нұсқасының ашылғанын ресми түрде жариялады.
"Омикрон" Еуропаның бірнеше елінде - Германия, Чехия, Италия, Ұлыбритания, Нидерланды және Бельгияда анықталды. Сондай-ақ, Гонконг, Израиль және Аустралияда вирустың осы нұсқасы тіркелгені хабарланды.