ERNUR.KZ. Елордада үйден шыққан өрттен бір адам құтқарылып, үш адамның денесі табылды, деп жазады BAQ.KZ.
Төтенше жағдайлар министрлігі тарапынан жүргізілетін алдын алу шараларына қарамастан, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау салдарынан өрттерде адам өлімі болып жатыр.
Бүгін түнгі сағат 01:25-те Астана қаласының Өрт сөндіру қызметіне Титов көшесі, 25 мекенжайында өрт шыққаны туралы хабарлама түсті. Өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына келген уақытта екіпәтерлі тұрғын үйде 70 шаршы метр алаңда өрт болып жатты. Өрт сөндірушілер жанып жатқан үйден 1970 жылы туған ер адамды құтқарып, орташа дәрежедегі улы газдан улану диагнозымен ауруханаға жеткізілді. Өрт сөндірушілер барлау және өртті сөндіру барысында 1983 және 1970 жылдары туған екі ер адамның және 1971 жылы туған әйелдің денесін тапты, - деді ТЖМ ресми өкілі Жанна Дәуренбекова.
Өрт сағат 02:55-те толығымен сөндірілді. Өртті жеке құрамнан 15 адам мен 3 техника сөндірді.
Алдын ала болжам бойынша өрттің шығуына сөндірілмеген темекі тұқылы себеп болуы мүмкін.
Осы мекенжайда осыдан бір апта бұрын, 24 тамызда Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері келіп, күнделікті өмірде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша ұсынымдар беріп, өрт қауіпсіздігі парақшаларын таратқандығын атап өткен жөн.
Төтенше жағдайлар министрлігі өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін сақтауды сұрайды. Сөндірілмеген сіріңке, темекі және басқа да от көздерін қалдырмаңыздар. Электр сымдарын уақтылы тексеріп, ауыстырыңыз. Балалардың отпен ойнауына жол бермеңіз. Өрт белгілері анықталған жағдайда дереу 101 нөміріне хабарлау қажет.