Өскеменде дәрігерлер аударылған КамАЗ ішінде 13 сағат бойы жатқан жүргізушіні өлімнен аман алып қалды

0
224

Зардап шегуші ауруханаға бүйрек жеткіліксіздігімен түскен.


Өскеменде дәрігерлер аударылған КамАЗ ішінде 13 сағат бойы жатқан жүргізушіні өлімнен аман алып қалды

Фото: Azattyq Rýhy

ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасының мәліметінше, 30 жастағы жүргізуші КамАЗ кабинасында қысылып, өз бетінше шыға алмаған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Жол-көлік оқиғасы орман жолында болған.

«Жүргізуші кабинада қысылып қалған және өздігінен шыға алмаған. Оны тек 13 сағат өткен соң ғана тауып, байланысқа шығу мүмкіндігі болған кезде құтқарған. Зардап шегуші ауруханаға жеткізілгенде, оған позициялық қысылу синдромы диагнозы қойылды. Бұл – ұзақ уақыт бойы жұмсақ тіндердің қысылуынан пайда болатын, бірақ тікелей зақым келтірмейтін жағдайдың салдары», — деп хабарлады Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасының өкілдері.

Жансақтау бөлімінің меңгерушісі Талғат Закирьянов мұндай жағдайда тіндердің өлу процесі басталатынын айтты.

«Қысылу уақыты ұзарған сайын, ағзада токсиндер жиналады. Адамды босатқанда, бұл удың бәрі қан айналымына тез түсіп, бүйрек, бауыр, жүрек және басқа да ағзалардың жұмысы тоқтап қалуы мүмкін. Бұл науқастың бүйрегі қатты зақымдалды. Ол бізге жедел бүйрек жеткіліксіздігімен түсті», — деді дәрігер.

Науқас бірден қанын сүзу және токсикалық заттарды шығару үшін гемодиализ аппаратына қосылған. Бұл аппарат бүйрек өз қызметін орындай алмаған кезде қолданылады.

«Емдеу мен 12 рет гемодиализ сеансынан кейін науқастың жағдайы біртіндеп жақсарды. Үш аптадан астам уақыт өткенде бүйрек пен бауыр қызметі қалпына келіп, ол травматология бөліміне ауыстырылды. Ал тағы бір аптадан соң үйіне шығарылды», — деп қосты Талғат Хайроллинұлы.