Өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға салық: кім қанша төлейді?

0
1 237

​​Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға бірыңғай жиынтық төлем енгізуді ұсынды.


Өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға салық: кім қанша төлейді?

ERNUR.KZ.Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға бірыңғай жиынтық төлем енгізуді ұсынды, деп хабарлайды ведомство вице-министрі Нұржан Әлтаев үкіметтің баспасөз орталығында. Бұл туралы sputniknews.kz сайты жазды.

"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша министрлік бейресми қызмет ететін немесе қандай да бір кәсіпкерлікпен айналысатын, бірақ ешқайда тіркелмеген адамдарды көлеңкеден шығаруға мүмкіндік беретін бірқатар құралдар жасап жатыр", - деді Әлтаев.

Вице-министрдің айтуынша, үкімет пен министрлік бұл адамдарды әлеуметтік қамсыздандыру құрылымына ауыстыру үшін бірлесіп жұмыс атқаруда.

"Азамат зейнет жасына жеткенде зейнеткерлікке шығып немесе ауырып қалса, яки әйел адам бала күту үшін демалыс алатын болса – бұл адамдар әлеуметтік жәрдемақыдан құр қалуы мүмкін", - дейді ол.

Бірыңғай жиынтық төлем

Бүкіл қазақстандықтар әлеуметтік жәрдемақы алып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысу үшін, еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) енгізуді ұсынады. Заң жобасы биыл қыркүйекте мәжілісте қаралатын болады.

Әлтаев хабарлағандай, БЖТ енгізу тіркеуді жеңілдетіп, салық жүктемесін азайтады, МӘМС аясында медициналық қызмет алуға және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен әлеуметтік жәрдемақы алуға мүмкіндік береді.

Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар қанша төлейді?

БЖТ көлемі қала тұрғындары үшін бір АЕК, ал ауылда тұратындарға 0,5 АЕК болып бекітілмек. Сонда түскен қаражаттың 10%-ы жеке кіріс салығына, 20%-ы – міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына, 30% зейнетақы төлеміне және 40%-ы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға бөлінеді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің есептеуі бойынша, БЖТ енгізудің арқасында 500 мың өзін-өзі жұмыспен қамтушы көлеңкеден шығарылады.