Пандемия кезінде коммерциялық жылжымайтын мүлік бағасы арзандады

0
551

Мейрамханаларды жалға беру де біршама арзандаған.


Пандемия кезінде коммерциялық жылжымайтын мүлік бағасы арзандады

ERNUR.KZ. Әлемді жайлаған қауіпті дертке байланысты барлық салада өзгерістер орын алып жатыр. Жыл басынан бері жылжымайтын мүлік нарығы, оның ішінде коммерциялық жылжымайтын мүлік саласында жалға берушілер бағаны түсіруге мәжбүр болып отыр, деп жазады Azattyq Rýhy.

Былтырғы жылдың маусым айымен салыстырғанда биыл мейрамханалар мен өзге де қоғамдық тамақтану орындарын жалға беру бағасы 6,8%-ға арзандаған. Ал жалпы коммерциялық бағыттағы нысандар мен жылжымайтын мүліктерді арендаға беруде баға 2,8%-ға төмендепті.

Ал аймақтар бойынша жүргізілген мониторинг нәтижесінде жалға беру құны Ақмола облысында (−8,4%), Маңғыстау облысында (−6,3%), Атырау облысында (−8,2%), Шығыс Қазақстан облысында (−5,6%) арзандаған.

Бірақ елдің үш аймағында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, бағаның өсімі керісінше, көтерілген. Арендаға беру бағасы Батыс Қазақстан облысында (+1,1%), Түркістан облысында (+0,8), ал Қызылорда облысында (+0,1%) аздап көтерілген.

Мейрамханаларды жалға беру бойынша маусым айында бір шаршы метрдің құны 2432 теңге, ал кафені жалға берудің орташа бағасы 4152 теңге, асхананы жалға беру бағасы 1866 теңгеге тұрақтаған. Статистика мамандарының дерегінше, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда қоғамдық тамақтану орындарын жалға беру пандемияға байланыста бір жылда 6,8%-ға дейін түскен.

Ал коронавирус кезеңінде сауда алаңдарын жалға беру 3,8%-ға төмендесе, тұрмыстық қызмет көрсету — 3,4%-ға, әкімшілік-кеңсе мақсатындағы алаңдар — 2,4%-ға, өндірістік мақсаттағы алаңдар 1%-ға арзандаған.