Павлодар облысына Pfizer вакцинасының 69 мың дозасы жеткізіледі

0
615

Қазіргі уақытта екпе алуға дайын азаматтардың тізімі жасалуда.


Павлодар облысына Pfizer вакцинасының 69 мың дозасы жеткізіледі

ERNUR.KZ. Павлодар облысына қараша айында "Pfizer" вакцинасы жеткізіле бастайды, деп жазады inbusiness.

Бүгінде аймақ тұрғындарының 63,7%-ы вакцинаның бірінші, 58,6%-ы екінші компонентін қабылдады.

Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Бұратаеваның айтуынша, қазіргі уақытта өңірде екпенің қоры жеткілікті.

Атап айтқанда, "Спутник", "QazVac" және "Vero Cell" вакциналары бірінші компонентінің 362 789 мың дозасы, екінші компонентінің 338 418 мың дозасы бар. Облыс аумағында барлығы 159 егу пункті жұмыс істейді. Сонымен қатар сауда орындары мен кәсіпорындарда 14 пункт ашылған.

Демалыс күндері екпені шағын аудандар, ірі сауда орталықтары аумағында тұратын медициналық автобустардан алуға болады.

"Қараша айында "Pfizer" вакцинасы жеткізіле бастайды. Алдын ала жоспар бойынша оның 69 мың дозасы келеді. Бұл екпе 12-17 жас аралығындағы балалар мен жүкті әйелдерге арналған. Қазіргі уақытта аталмыш әлеуметтік топ өкілдерімен түсіндіру жұмыстары жасалып, екпе алуға дайын азаматтардың тізімі жасалуда", – деді Гүлнар Бұратаева.

Ал әзірше Павлодар облысының "қызыл аймақтан" шығар түрі жоқ. Бүгін тағы да еліміз бойынша антирекордтық көрсеткіш орнатылды. Өңірдің 221 тұрғынынан коронавирустық инфекция анықталды. Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері мұны маусымдық тұмаумен және Ресей елінен келушілер санының екі есеге артуымен байланыстырады. Көрші мемлекетте вирус жұқтырушылар саны күрт артып, локдаун жарияланғаны белгілі.