Павлодарда полициядан қашқан жүкті келіншек ұсталып қалды

0
806

38 жастағы әйел мас күйінде түн ішінде көлік жүргізген.


Павлодарда полициядан қашқан жүкті келіншек ұсталып қалды

Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылық бойынша мамандандырылған соты қала тұрғынын 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Рavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полиция қызметкерлері желтоқсан айында сағат 01:40-та Естай көшесінде 38 жастағы әйелдің басқаруымен «Хюндай» маркалы автокөлікті тоқтатқан.

- Әйел адамның көлікпен жүріп келе жатқан қозғалысы күдік тудырған. Әйел адамнан алкогольдің өткір иісі шығып тұрған соң полиция оны медициналық куәландыруға алып келді. Қала тұрғыны жүрегі ауырып тұрғанын айтып, жедел жәрдем шақыруды сұраған. Шақыруға келген медицина қызметкерлері оны тексеріп шыққан соң жүрегі жақсы екенін айтып, ауруханаға жатқызудан бас тартты, - деп хабарлады жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Қуаныш Мұстафинов.
Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес облыс орталығының тұрғыны жеңіл дәрежеде мас болған. Қала тұрғыны таксиге отырып жасырынуға тырысқан, алайда полицияға ұсталып қалды.


Аталған фактіге қатысты ҚР ӘҚБК 608-бабы бойынша әкімшілік материал толтырылып, шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.
Әйел адам жүктілік туралы анықтаманы ұсынғандықтан, әкімшілік қамауға алынған жоқ.

Полиция қызметкерлері тұрақты негізде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу фактілерін анықтауға бағытталған рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Бүгінгі күні 123000-нан астам тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде, мас күйінде көлік жүргізгені үшін биыл 1462 жүргізуші ұсталды. Ал 256 автоәуесқой бұрын жүргізуші куәлігінен айрылып, тағы да автокөлік басқаруға отырған болса, 1169-і жүргізу құқығынан айырылған.