Павлодарда ресейлік азаматтан 4 млн теңгенің майнинг жабдығы тәркіленген

0
677

Қаулылар заңды күшіне енді.


Павлодарда ресейлік азаматтан 4 млн теңгенің майнинг жабдығы тәркіленген

ERNUR.KZ. Павлодар облыстық сотының апелляциялық алқасы Ресей азаматынан құны 4 млн теңге болатын майнинг жабдықтарының тәркіленуі заңды екенін растады, деп жазады zakon.kz.

ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ресей Федерациясының азаматы Қазақстанда шамамен 4 миллион теңгеге майнинг жабдықтарын сатып алып, оны уәкілетті органдардың лицензиясын алмай-ақ шетелге шығаруға тырысқан. Осы әрекеттері үшін аудандық сот ресейлік азаматты ҚР ӘҚБтК-нің 436-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жазаға тартты. Майнингтік жабдықтар тәркіленіп, оған 55 мың теңге айыппұл салынды. Айыппұлды төлегеннен кейін құқық бұзушы сот қаулысының тәркілеу туралы бөлігіне апелляциялық шағым түсірді. Ол қаулының күшін жойып, тәркіленген тауарды кері қайтаруды сұрап, оған тиісті лицензия алуға уәде берді.

Облыстық сот алқасы мыналарды:

  • майнинг жабдығының экспорты ұлттық қауіпсіздік мақсатында бақыланатын әрі екі мақсатта пайдаланылатын ерекше тауарларға жататынын;
  • ресейліктің жабдықты тек экспортқа шығару мақсатында сатып алғанын, оның Қазақстан Республикасында тұрмайтынын, тіркеуде жоқ екенін назарға алды.
"Жоғарыда айтылған мән-жайларды ескере келіп, алқа бірінші сатыдағы сот қаулысының тәркілеу бөлігінің күшін жоюға құқықтық негіз таппады. Сондықтан шағым қанағаттандырусыз қалдырылды. Сол негіздер бойынша басқа азаматқа қатысты басқа іс бойынша қаулы да өзгеріссіз қалдырылды", делінген хабарламада.

Қаулылар заңды күшіне енді.