Педагогтерге деген мұндай қарым-қатынасты жою үшін қатаң шаралар қабылдаймыз – министр

0
723

Министр Асхат Аймағамбетов №4 орта мектептің мұғалімімен телефон арқылы сөйлескен.


Педагогтерге деген мұндай қарым-қатынасты жою үшін қатаң шаралар қабылдаймыз – министр

ERNUR.KZ. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Талдықорған мектебінде болған оқиғаға қатысты пікір білдірді, деп жазады baq.kz.

Отандастарым сияқты мен де Талдықорғандағы №4 орта мектепте түсірілген мұғалім мен оқушы арасында жағдай туралы видеоны көрдім. Әрине, оқушының ұстазға дауыс көтеріп сөйлегені көңілімді түсірді. Қай заманда болмасын азаматтарымыз үлкендерге, әсіресе ұстаздарға құрметпен қарайтын, оларды сыйлайтын. Үлкенді сыйлау, отбасы құндылығы, адалдық, инабаттылық, еңбексүйгіштік, білімге құштарлық, заңға бағыну және отансүйгіштік болашақ ұрпақты тәрбиелеудің негізі болуы керек, - деп жазды министр.

Министр Асхат Аймағамбетов №4 орта мектептің мұғалімімен телефон арқылы сөйлескен.

Бүгін мен №4 орта мектептің мұғалімімен телефон арқылы сөйлестім. Ол білім саласында 11 жыл бойы қызмет етіп келеді. Әріптесіме қолдау сөздер айтып, қажырлы еңбегі, шыдамдылығы мен адалдығы үшін алғыс білдірдім. Оқушы мен кәмелетке толмаған балалар үшін жауапты ата-анаға қатысты заңнамаға сәйкес шара қабылданады. Әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ баланың ата-анасына қатысты әкімшілік іс қозғалды. Енді шешімді Алматы облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қабылдайды, - деп жазды Аймағамбетов.

Министрдің айтуынша, мұндай жағдайда ата-ана мен мектептің бірлесе жүргізетін тәрбие жұмысы маңызды рөл атқарады

Өз тарапымыздан педагогтерге деген мұндай қарым-қатынасты, көзқарасты жойып, жолын кесу үшін қатаң шаралар қабылдайтынымызды ескертемін. Қоғамда мұғалімнің мәртебесі жоғары болуы керек. Бұған дейін оқушыға психологиялық көмек көрсету және оны есепке қою туралы мәселе қаралатынын хабарлаған болатынбыз. Мұндай жағдайда ата-ана мен мектептің бірлесе жүргізетін тәрбие жұмысы маңызды рөл атқарады. Балаларды үлкендерге, әсіресе қоғамымыздың дамуына үлес қосып жүрген ұстаздарға құрметпен қарау сияқты қасиеттерге баулуға шақырамын, - деп жазды министр.

Естеріңізге сала кетейік, мұғалімді балағаттаған оқушының ата-анасын жауапкершілікке тарту үшін әкімшілік іс қозғалған болатын.