Петропавлда дәмханада үш адамды пышақтаған күдікті суицид жасады

0
490

Күдікті Петропавл қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторында суицид жасады.


Петропавлда дәмханада үш адамды пышақтаған күдікті суицид жасады

ERNUR.KZ. Петропавлдағы дәмханалардың бірінде демалушылар арасында жанжал шығып, салдарынан қаланың үш тұрғыны ауыр жарақаттанды, деп жазады ҚазАқпарат.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 11 маусымда түнде полицияға Петропавлдағы Береке ықшамауданы Ыбыраев көшесінің бойындағы аулада қаланың үш тұрғынына пышақ салынғаны туралы шақыру түсті.

Күдіктілер оқиға орнынан қашып кеткен. Зардап шеккен 29, 32 және 34 жастағы қала тұрғындары ауруханаға жеткізілді.

Жедел іс-шаралар барысында полицейлер 35 пен 43 жастағы күдікті екі ер адамды анықтады.

Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі, 99-бабының 2-бөлігі «Адам өлтіруге оқталу» бойынша қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің құрамымен Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

Алдын ала тергеу барысында Петропавлдағы дәмханалардың бірінде демалушылардың арасында жанжал туындағаны белгілі болды.

Күдіктілердің бірі Петропавл қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторында суицид жасады.

Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы бойынша тіркелді.