Политолог: Әлемде өзгермеген Конституция жоқ

0
749


Политолог: Әлемде өзгермеген Конституция жоқ

“ Әлем және Қазақстанның конституция тарихтарын қарап шықтым, қызық фактілер көп екен. Ертең Ата Заң күні болғандықтан, атам замандағы ақпараттарды да бір шолдым.


Мысалы, Ресей патшалығы Александр I-дің бұйрығымен конституция әзірлемек болыпты. Алайда алда-жалда Ресейге Наполеон басып кіріп, бас қайғыға салынып, ол құжатты әзірлеу кейінге шегеріліпті. Сөйтіп Ресей патшалығындағы жарлық-бұйрық форматы ХХ ғасырға дейін болған екен. Егер сол сәтте қазіргідей конституция қабылданса, онда бұл өзге бодан елдерге де өз әсері болар еді дейді кей тарихшылар.

Ал бізде, мұндай заңдар ежелден болды. Қасым хан, Есім хан, Тәуке хан кезеңдерінен бұрын да заңдар жинағы қалыптасты. Алтын Орда дәуірі қоғамдық өмірді реттейтін қатаң ережелерден тұрды.

Халықтың жүріс-тұрысын, қоғамдық өмірін сол ережелер бағыттады. Жазалау, құн өндіру, әділ шешім айту, қазылық ету деген қалыптасты. Жалпы конституцияның негізгі функциясы сол ғой, қоғамдық өмірді реттеу.

Қазіргі конституциямыз 1995 жылы, 30-тамызда қабылданды. Сол сәттен кейін бірнеше мәрте толықтырулар мен өзгертулер енгізілді. Соңғысы конституциялық референдум арқылы 2022 жылы болды. Ол сәтте бірқатар маңызды өзгеріс жасалды.

Жоғары Соттың өкілдері, Конституциялық Соттың өкілдері, ОСК өкілдері, президент өз өкілеттілігі кезеңінде саяси партияға мүше болмау керектігі жазылды.

Тағы бір өзгеріс президенттік мерзімге байланысты болды. Енді президент бір мерзім ғана отырады. Мерзімнің ұзақтығы 7 жыл. Екінші мәрте сайлауға түсе алмайды деп заңда жазылды. Бұл маңызды болатын. Себебі конституцияға ұсыныстар айтқан сәтте, ширек ғасыр бойы бір адамның билікте отыруы қоғамдық қарсылыққа ұласатыны айтылды. Сөйтіп 1 мерзім=7 жыл деген заңмен бекітілді.

Конституциялық сот қайта қалпына келтірілді. Бұл да маңызды еді. Осы уақытқа дейін 2 мыңға жуық адам жүгінген екен. Өз құқығыңды қорғаудың бір механизмі ғой.

Басқа да өзгерістер енгізілді. Болашақта да конституцияға өзгерістер мен түзетулер енгізіле береді деп ойлаймын. Әлемде өзгермеген конституция жоқ, заманның ағымына сай өзгере береді. Қалыпты үрдіс. Мысалы Еуропа елдерінің кей конституцияларында бұрын әйелдерге дауыс беруге тыйым салып, қара нәсілділерге құқық шектеуге рұқсат етсе, қазір ол тыйымдар адами құндылықтардың өзгеруіне байланысты алынып тасталды дегендей.

Болашақта ЖИ-дің дамуына байланысты әлемнің сан түрлі заңдары өзгеруі мүмкін. Себебі адам мен ЖИ қатынасын ережелерге ғана емес, Ата Заңдарға да қашап жазу керек дейтіндер бар. Тірі болсақ, заман ағымымен оны да көре жатармыз.

Қорытынды болсын. Әлемнің көптеген елінде президенттер мен депутаттар ант еткен сәтте, діни кітаптарға қол қойып, ант-су ішіп жатады. Библия, Құран дегендей. Алайда бізде тек Конституция қолданылады. Кез келген мемлекеттік мекемеге кірсеңіз, алдыңыздан көк ту, айшықты елтаңба, асқақ әнұран мен Конституция мәтіні жазылған тақтайша сізді қарсы алады. Бұл елдіктің нышандары. Біз үшін қастерлі ұғымдар”, - деп жазады политолог, Асхат Қасенғали.