Көлік иелерінің көбі бақылау нүктелерінің алдында ғана жылдамдықты азайтып, камерадан өткеннен кейін жылдамдық шектеуінен асып жататыны белгілі.
ERNUR.KZ. Алматыда орналасқан бақылау камералары енді жолдағы көлік қозғалысының орташа жылдамдығын өлшейді, деп жазады Tengrinews.kz.
Алматы полиция өкілдерінің мәліметінше, өзгеріс 1 желтоқсаннан бастап іске қосылады. "Жол қауіпсіздігі" автоматтандырылған жүйесі орындары енді техникалық түзетулер енгізілгеннен кейін жылдамдық шегін тек посттарға жақын жерден емес, бүкіл бағыт бойымен анықтайды.
"Көлік иелерінің көбі бақылау нүктелерінің алдында ғана жылдамдықты азайтып, камерадан өткеннен кейін жылдамдық шектеуінен асып жататыны белгілі. Мұндайда бүкіл бағыт бойында орташа жылдамдықты анықтау әдісі орынды. Себебі ол жүргізушіні бақыланатын аймақтарда жылдамдықты асырмауға мәжбүрлейді", - деді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі, полиция подполковнигі Салтанат Әзірбек.
ПД мәліметі бойынша, орташа жылдамдықты есептеу жүйе жұмысының принципі V = S / T формуласына негізделген. Атап айтқанда, S - 2 бақылау камерасының арақашықтығы, T - қашықтықты жүріп өткен уақыт.
"Бұл жүйені енгізудің артықшылығы – көп жұмысты аз шығынмен жасау, дәлірек айтқанда "жергілікті" бақылаудан "желілікке" көшу. Яғни, полиция департаменті бүкіл қаланы камерамен толтырмай-ақ, жол қозғалысы қауіпсіздігінің тиімділігін едәуір арттыра алады", - дейді Алматы қалалық полиция департаментінің техникалық қызмет көрсету орталығының басшысы, полиция полковнигі Ольга Агафонов.
Жүйені енгізу – жүргізушінің жолда жүру тәртібі мен бекітілген жылдамдық шегін сақтауға тиімді әсер етеді. Бұл жол-көлік апаттарының азаюына әкеледі және көп жағдайда жарақат алғандар санын кемітеді. Осыған ұқсас жүйелер Еуропа Одағына кіретін елдерінде, АҚШ, сондай-ақ Жапония, Оңтүстік Кореяда, Қытай және Ресейде қолданылады.