Әлихан Смайылов АЭС құрылысы сегіз жылға жуық уақытқа созылатын ұзақ кезең екенін атап өтті.
ERNUR.KZ. Премьер-министр Әлихан Смайылов Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы айтты, деп жазады tengrinews.kz.
Премьер-министр сұхбатында Қазақстан үкіметі қай мердігерді таңдауға бейім деген сұраққа жауап берді.
"Біз атом электр станцияларын салу мен пайдаланудың халықаралық тәжірибесін зерттеп жатырмыз. Бұл оңтүстіккореялық, француз, қытайлық технологиялар және ресейлік. Барып, Түркияның тәжірибесін, "Росатом" компаниясының қатысуымен салынып жатқан "Аккую" атом электр станциясын қарап шықтық. Бұл француз компаниясының тәуелсіз сараптамасы бар танымал жеткізушілерден жабдық сатып алынатын халықаралық жоба. "Аккую" тәжірибесі бізге өте пайдалы", - деді Әлихан Смайылов.
Ол Қазақстандағы АЭС жобасы да халықаралық болатынын айтты.
"АЭС жұмысының қауіпсіздігіне ерекше мән береміз. Маусымда делегациямыз Оңтүстік Кореяда болды, шілдеде Францияға бардық. Қытайлық жеткізушілермен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Халықаралық тәжірибені тереңдетіп зерттеу нәтижелері бойынша ядролық технологияларды жеткізушілер тартылады. Қайталап айтамын, бұл халықаралық жоба болады", - деді премьер-министр.
Әлихан Смайылов АЭС құрылысы сегіз жылға жуық уақытқа созылатын ұзақ кезең екенін атап өтті.
"Ядролық энергиясыз энергетикалық қауіпсіздігімізді қамтамасыз ете алмаймыз. Біз көмір есебінен генерацияны көбейте алмайтын шығармыз, өйткені бүкіл әлем декарбонизация бағытына қарай бет алды. Біз атом электр станцияларынан қорықпауымыз керек, ең қауіпсіз технологияны және барлық жұмысты дер кезінде орындай алатын жеткізушілерді таңдаймыз", - деді үкімет басшысы.
Қазақстан премьер-министрінің сұхбатын мына жерден толық оқи аласыз.