13 мамырда ресейлік журналист Юрий Дудь "Ирина Қайратовна" тобының қатысушыларымен екі сағаттық сұхбаты жарияланған болатын.
ERNUR.KZ. Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев "Ирина Қайратовнаның" ресейлік журналист Юрий Дудьке берген сұхбатына қатысты пікір білдірді, деп жазады Tengrinews.kz.
"Открытый диалог 2.0" жобасы аясында Дәурен Абаев "Ирина Қайратовна" тобының мүшелерін Қазақстанның патриоты деп санайсыз ба?" деген сұраққа жауап берді.
- Сіз "Ирина Қайратовнаның" сұхбатын көріп шықтыңыз ба?
- Жартысын, бәрін емес.
- Сіздің ойыңызша, ол жігіттер өз елінің патриоты ма?
- Егер мен көріп, естіген жайлы айтар болсақ, иә.
- Олар билікті қатты сынап тастады, бұл туралы не ойлайсыз?
- Бұл оларды құқығы. Олар ел билігін сынап жатқан бірінші адам емес. Бұл өркениетті әлем үшін қалыпты құбылыс. Әрине, кейбір тезистерімен келіспеймін. Кейбірімен жартылай келісемін. Ал жалпы дұрыс нәрселер айтылды. Бұл жерде бастысы жігіттердің өз еліне бей-жай қарамауы ғой. Бұл жаңа мәдени толқынның жақсы көрінісі деп ойлаймын. Кейінгі жылдары шығармашыл жастардың жаңа толқыны келе жатыр. Ол тек әншілер, әртістер мен вайнерлер емес, сондай-ақ, жас суретшілер, актер, театр және кино режиссері, фотографтар және тағы басқасы. Оның бәрі қазақ тілінің танымал болуына үлкен үлес қосып жатыр. Оны жастардың ортасында сәнге айналдырып жатыр.
Әрине, олар шығармашылық ойынан бөлек, азаматтық позициясын да жеткізіп тұрады. Жеке айтылған ойлар өткір де болуы мүмкін. Ол да қалыпты жайт деп ойлаймын. Мен уақыт бәрін өз орнына қоятынына сенімдімін.
Еске салайық, 13 мамырда ресейлік журналист Юрий Дудь "Ирина Қайратовна" тобының қатысушыларымен екі сағаттық сұхбаты жарияланған болатын. Юрий Дудь сұхбат үшін түсірілім командасымен Алматыға ұшып келді.