Мемлекет басшысы науқастарды емдеуге қажетті барлық құралдармен жабдықталған емдеу бөлімшелері мен палаталарды аралап көрді.
Мемлекет басшысы коронавирус пандемиясына байланысты жарияланған Төтенше жағдай кезінде екі аптаның ішінде салынған елордадағы модульді жұқпалы аурулар ауруханасына барды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Медициналық мекеменің жалпы аумағы 7 мың шаршы метрді құрайды. Оның құрылысына республикалық бюджеттен 5,5 миллиард теңге бөлінді. Медициналық нысанды «BI Group» компаниялар тобы салды.
Аурухана ғимараты тез құрастырылатын құрылыс технологиясын пайдалана отырып, модульдік блоктардан тұрғызылды. 200 орынға есептелген аурухана медицина қызметкерлері мен ем алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заманауи құралдармен жабдықталған.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Президентке індетке қарсы күрестегі медициналық көмектің проблемалары мен оны жетілдіру жолдары туралы баяндады. Мемлекет басшысы науқастарды емдеуге қажетті барлық құралдармен жабдықталған емдеу бөлімшелері мен палаталарды аралап көрді.
«BI Group» құрылыс холдингі Директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа құрылыс жұмыстарының барысы мен аурухананың ерекшеліктері туралы айтты.
Мемлекет басшысы аталған аурухананың мұндай типтегі еліміздегі алғашқы медициналық мекеме екенін атап өтіп, ғимаратты салған құрылысшыларға ризашылығын білдірді.
Қазақстан Президенті дәрігерлермен әңгімелесу барысында отандастарымыздың денсаулығын сақтау үшін қажырлы еңбек етіп жатқан медицина қызметкерлеріне алғыс айтты.
"Сіздер пандемиямен күресте алдыңғы шепте жұмыс істеп жүрсіздер. Сіздерге ризашылығымыз шексіз. Күндіз-түні тынбай еңбек етіп жатырсыздар. Өкінішке қарай, Алматыда дәрігерлерімізді індеттен қорғай алмадық. Қазір қалыптасқан Төтенше жағдайды жою үшін күресудеміз. Сондықтан абай болғандарыңыз жөн, ең алдымен, өз денсаулықтарыңызды сақтаңыздар", – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті азаматтарымыздың денсаулығын сақтау мемлекеттің алдындағы басты міндет екеніне тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі дағдарыстан денсаулығы мықты ұлт қана аман-есен шығады.
"Кешенді шаралар қабылдау керек. Біз посткеңестік кеңістікте қажетті шараларды ең алғашқылардың бірі болып қабылдадық. Азаматтарымызға карантин режимін сақтаудың оңай емес екенін түсінемін. Бірақ бұдан басқа жол жоқ. Қалай болғанда да осы айдың аяғына дейін карантин режимін сақтаймыз. Арғы жағын тағы да қарастырамыз. Мүмкін, мәселені реттеудің жаңа әдістері табылар. Өйткені халық біртіндеп үйлерінен шығуы керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы экономиканы қолдаудың маңыздылығы жайында да айтты.
"Экономикалық даму, шағын және орта бизнес туралы да ойлану керек. Күнделікті еңбек етіп, тіршілігін жасап жатқан халық өз мүмкіндіктерінен айырылып қалмауы қажет. Бұл жөнінде келесі аптадағы телевизиялық үндеуімде егжей-тегжейлі айтамын", – деді Президент.