Бірақ карантин режиміне байланысты іс-шаралар жалғаса береді.
иллюстрациялық фото
Жағдай күрделеніп кетпесе төтенше жағдай режимі он бірінші мамырда аяқталады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Сенатының отырысында сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
"Халқымыз он алтыншы наурыздан бастап төтенше жағдайда өмір сүруде. Карантин режимі азаматтарымызға айтарлықтай қиыншылық туғызды. Дегенмен, бүкіл еліміз осы індетке қарсы күресу үшін жұдырықтай жұмыла білді. Әсіресе, дәрігерлер, әскери қызметшілер, полицейлер, волонтерлер күн-түн демей жұмыс істеуде. Олардың бәрі Отанға адал қызмет етудің озық үлгісін көрсетті. Сын сағаты қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келді.Халықтың жігерін қайрап, төзімін шыңдауға мұның да әсері болды.
Біз дер кезінде қолға алынған шаралардың арқасында індеттің жаппай таралуына тосқауыл қойдық. Мұны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, халықаралық сарапшылар жоғары бағалады.Пандемия ел экономикасына кері әсерін тигізіп отыр. Осыған орай, Үкімет азаматтарға, шағын және орта бизнес өкілдеріне қолдау көрсетуде. Бюджеттен қомақты қаражат бөлінді. Табысынан айырылған адамдар қаржылай көмек алып жатыр.
Мұның бәрі халықтың тұрмыс жағдайын төмендетпеу үшін жасалуда. Қабылданған шаралар өз нәтижесін бере бастағанын көріп отырмыз. Жағдай күрделеніп кетпесе, төтенше жағдай режимі он бірінші мамырда аяқталады.
Бірақ карантин режиміне байланысты іс-шаралар жалғаса береді. Бұл ел тұрғындарының қауіпсіздігі үшін аса қажет. Азаматтарымыз бірте-бірте қалыпты өмірге қайта оралады деп сенемін" - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.