Ресей шектеуінің кесірінен қазақстандық көмір өндірушілер шығынға батты - министрлік

0
1 235

Шектеуді жою мәселесі Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының шегінде қаралды, ол 15-16 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында өтті.


Ресей шектеуінің кесірінен қазақстандық көмір өндірушілер шығынға батты - министрлік

ERNUR.KZ. Сауда және интеграция министрлігі Ресей арқылы Украинаға экспортталатын тауарлар шектеуіне байланысты Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы келіссөз туралы ақпарат таратты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Ресей Федерациясының бірқатар қазақстандық тауар транзитіне тыйым салуы тауарлар транзитінің бостандығын шектей отырып, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың негізгі қағидаттарының беделін түсіреді. Ресейдің транзитті шектеуі Қазақстанның көмір өнеркәсібінің экономикалық ахуалына кері әсер етеді. Алдын ала есеп бойынша, көмір жеткізудің қысқаруынан қазақстандық көміршілердің ай сайынғы шығыны 11 млн АҚШ долларынан асты» делінген хабарламада.

Шілдеде қазақстандық тарап РФ аумағы арқылы Украинаға 103,5 мың тонна көлеміндегі транзит бойынша жоспарды баяндаған. Ресей тарапы 60,2 мың тонна көлемінде квотаны мақұлдаған. Тамызда 240,8 мың тонна сұратылған, 86,5 мың тонна мақұлданған. Қыркүйекте өтінім бойынша 189,7 мың тонна болса, ресейлік тарап 86,5 мың тоннаға дейін қысқартқан. Қазанда 191,9 мың тоннаға өтінім жасалса, РФ 86,5 мың тоннаны мақұлдаған.

Бұл ретте тіпті осы төмендетілген көлемнің кеш алынуы украиналық сатып алушылардың қазақстандық тауардан бас тартуына алып келді.

Келісімшартта көмірді жөнелту станцияларынан сатып алу туралы сатып алушылардың міндеттері жиі келісіледі. Келісілген транзиттің саны туралы ақпараттың кеш берілуі алдын ала жоспарлауға мүмкіндік бермейді. Бұл жеткізу мерзімін бұзып, келісімшарттан бас тартуға әкеп соқты.

«Одан бөлек, вагондарды Ресей темір жолдарының негізсіз тоқтату фактілері орын алған. Мысалы, шілдеде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ 80,4 мың тонна транзитке өтінім берген. Ресейлік тарап 55,2 мың тонна транзит көлеміне келісім берген, алайда кешірек бұл көлем үш есе (!!!) азайтылған және 13,6 мың тоннаны құрған. Салдарынан 189 вагонды «иесіз» сипатымен Ресей-Украина шекарасы маңында РТД ААҚ тоқтатқан. Осылайша, Қазақстан украиналық әріптестеріне тек шілде-қыркүйекте ғана 340 мың тоннаға жуық тауарды жеткізбеген» дейді министрлік.

Сонымен қатар, ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтқандай, «ұсынылған мөлшер қазақстандық экспорттаушылардың сұранысын толық көлемде жаппайды».

«Қазақстандық экспорттаушылар қарашаға РТД Украинаға 200 мың тоннадан астам (204.61 мың тонна) транзитке өтінім берді. Ресей тарапы бір жақты тәртіппен экспортымызды шектеп отыр, біздің ойымызша, бұл - кедергі» - деп атап өтті ҚР СИМ басшысы.

«Біз екіжақты форматта сияқты, сондай-ақ ЕАЭО алаңында Ресей тарапымен келіссөзді жалғастырамыз. Еуразиялық экономикалық одақ барлық қатысушыларға тең құқылы шартқа кепілдік береді. Оның ішінде үшінші елдерге біздің тауарлардың еркін транзитін қамтамасыз ету де бар. ЕАЭО бойынша әріптестеріміздің іс-әрекеті басқа елдермен экономикалық байланыстарға бөгет болмауы тиіс», - дейді Бақыт Сұлтанов.

Шектеуді жою мәселесі Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының шегінде қаралды, ол 15-16 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында өтті.

Бүгінгі келіссөз нәтижесінде Қазақстан тарапы транзиттің рұқсат етілген көлемін айына 140 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік алды.