Қазақстан тарапы осы жылдың наурыз айынан бастап Ресейдегі брендтердің басты кеңселеріне шығып, өндіріс ошақтарын елімізге көшіру ұсынған.
ERNUR.KZ. Өндіріс ошағын Ресейден Қазақстанға көшірген компанияларға айрықша жағдай жасалмайды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Украинадағы әскери іс-қимыл басталып, Ресей экономикасына қатысты санкциялар жарияланғаннан кейін 362 компанияны анықтап алдық. Бүгінде олар ашық дерекөздерінде Ресей нарығынан кететіндерін не қызметтерін қысқартатындығын жариялады. 362 компания – бұл Ресейде қызметін жүзеге асырған шетелдік компаниялар олар біздің қызығушылығымызды оятты», - деді министрдің орынбасары Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, Қазақстан тарапы осы жылдың наурыз айынан бастап Ресейдегі брендтердің басты кеңселеріне шығып, өндіріс ошақтарын елімізге көшіру ұсынған.
«Бірден айта кетейік, елімізге көшетін компанияларға ешқандай арнаулы жағдай жасалмайды. Олар Қазақстанда қолданыстағы жалпы құқықтық алаңда жұмыс істейтін болады», - деді Алмас Айдаров.