Ресей Федерациясы Қазақстан Республикасының егемендігін, оның белгіленген шекараларын мойындайды.
ERNUR.KZ. Ресей Қазақстанның егемендігін толығымен мойындайды, екі ел әртүрлі салаларда достық және серіктестік байланыстар орнатып, оны үздіксіз дамытып келеді, сондықтан Мемлекеттік Думаның депутаты Вячеслав Никоновтың мәлімдемесіне қатысты орын алған оқиға міндетті түрде реттеледі. Мұндай пікірді Дума комитеті ТМД істері, еуразиялық интеграция және отандастармен байланыс жөніндегі комитет төрағасының бірінші орынбасары Виктор Водолацкий айтты, деп жазады zakon.kz.
Ресей Федерациясы Қазақстан Республикасының егемендігін белгіленген шекараларда таниды. Ең бастысы, біз үшін Қазақстан көптеген келісімдерге, келісімшарттарға қол қойған дос мемлекет болып табылады, - деп атап өтті ол.
Водолацкий Қазақстанның Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы бірлескен бағдарламаларға қатысатынын еске салды.
"(Қазақстан) - ТМД аясындағы біздің ең белсенді серіктесіміз", - деді ол.
"Сондықтан, бұл жанжал шешіледі деп ойлаймын, ал саясаттанушылармен пікірталас кезінде болған оқиғаны (Никоновтың қатысуымен) сан-саққа жүгіртіп, әртүрлі талқылауға болады", - деп жалғастырды өз ойын ресейлік депутат.
Ол "тарихи мәселелерді талқылауда айтқан сөзінен Вячеслав Алексеевич [Никонов] қандай да бір салдар тууы мүмкін деп ойламаған" дегенді де айтты.
"Меніңше, оқиға реттеліп, түсінбестіктер жойылады", - деп сөзін түйіндеді ол.
Бұған дейін ҚР Сыртқы істер министрлігі Ресей Федерациясына Никоновтың мәлімдемелеріне байланысты нота тапсырған болатын. Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Марат Сыздықов Ресей Федерациясының уақытша сенімді өкілі Александр Комаровпен кездесу кезінде "Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасы Білім және ғылым комитетінің төрағасы Вячеслав Никоновтың "Қазақстан территориясы - Ресейдің [және Кеңес Одағының] керемет сыйы" деп, Бірінші телеарнада айтқан мәлімдемесіне қатысты өз наразылығын білдірді. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі кейбір ресейлік саясаткерлердің Қазақстанға қарсы жиі-жиі арандатушылық сипаттағы ақпараттық шабуылдары мемлекеттер арасындағы одақтастық қатынастарға үлкен зиян келтіріп отырғанын атап өтті.
Никоновтың өзі сенбі күні Telegram-арнасында "Қазақстан Республикасының шекарасына айналған Қазақ КСР-нің шекараларын анықтауда Қазақстанның мүдделері толығымен сақталды" деп жазды және ол "Большая игра" бағдарламасында тура осыны айтқанын жеткізді. Ол, сондай-ақ "бауырлас Қазақстан халқына деген жылы ілтипатын" білдірді.