Сәбилер үйіндегі бала тәрбиесін 6 жасқа дейін ұзарту ұсынылды

0
606

Қазіргі қолданыстағы заңда мемлекеттік мекемедегі бүлдіршіндерді тек 3 жасқа дейін қарауға рұқсат етілген.


Сәбилер үйіндегі бала тәрбиесін 6 жасқа дейін ұзарту ұсынылды

иллюстрациялық фото

ERNUR.KZ. Алматының қоғам белсенділері, заңгерлер мен дәрігерлер мамандандырылған сәбилер үйіндегі бала тәрбиесін 6 жасқа дейін ұзарту керек деген ұсыныс жасап отыр, деп жазады 24.kz.

Қазіргі қолданыстағы заңда мемлекеттік мекемедегі бүлдіршіндерді тек 3 жасқа дейін қарауға рұқсат етілген.

«Егер бөбектерді тәрбиелеу мерзімін тағы 3 жылға арттырса, ол баланың ой-өрісі мен ағзасының қалыптасуына оң әсер етеді» дейді мамандар.

Ал қазір үшке толған сәбиді балалар үйіне немесе арнайы әлеуметтік қызмет көрсету ортылақтарына ауыстырып жібереді. Алматыдағы осы мамандандырылған сәбилер үйінде 35 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Бірінен ата-анасы бас тартса, басқасы жағдайы төмен отбасынан алынған. Олар мұнда 3 жасқа дейін ғана тәрбие алады. Былтыр Мәжіліс депутаттары мамандандырылған сәбилер үйіндегі баланы тәрбиелеу мерзімін 3 жастан 6 жасқа дейін ұзарту жөнінде ұсыныс айтып, заңға өзгеріс енгізуді сұраған. Алайда бұл мәселе әлі қаралмай келеді.

"Осы сәбилер бізде тәрбиленгенде 6 жасқа қалдырса, Үкімет тарапынан ол бізге дұрыс болатын еді. Өйткені туа салысымен балалар бізді анасындай көреді. Ол балаларды 3 жасында айырып басқа мекемеге аударған өте қиын. Бізде барлық жағдай жасалынған. Бізде қазір 40-тан аса педагог жұмыс істейді. Психолог мамандар бар. Содан кейін мына балаларды тәрбиелеп мына мектепке дейінгі оқу ісімен бәрімен танысқан, бәрін үйретіп, біз дайындап балаларды бере аламыз",- дейді мамандандырылған сәбилер үйінің бас дәрігері Латипа Қожамқұлова.

Балалалар тәрбиесімен логопед, психолог, дефектологтар мен тіл мамамандары айналысады. Мейірім мен қамқорлыққа бөленген балалардың көбі өз жанұясына қайтып жатқаны қуантады. Бірақ жаңа отбасын тауып жатқандар да бар. Соңғы 9 айда мамандандырылған сәбилер үйіне 36 бала келсе, 39 сәби кеткен.

"Сәбилер үйіндегі бүлдіршіндерді асырап алу мәселесі үнемі назарда. Статистикаға сүйенсек, өткен жылы ел аумағындағы барлық сәбилер үйіне 860 бала қабылданса, 900 бала шығарылыпты. Яғни балалар отбасыларына қайтарылып немесе қамқорлыққа алынып жатыр", - дейді қоғам белсендісі, Эльмира Алиева.

Мамандандырылған сәбилер үйіндегі бала тәрбиесін ұзарту керектігін талап етіп отырған қоғам белсенділері мен тәрбиешілер президент атына арнайы петиция әзірледі. Олар бүлдіршіндердің мүддесі қорғалады деген үмітте.