Салтанат Тұрсынбекова Шымкентте құқық қорғаушылармен кездесті

0
439

«Халық құқық қорғау орындарына сенбейді».


Салтанат Тұрсынбекова Шымкентте құқық қорғаушылармен кездесті

Кандидат Салтанат Тұрсынбекова Шымкент қалалық адвокаттар алқасымен кездесу өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Перзиденттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекова Шымкент қалалық адвокаттар алқасымен кездесу өткізді. Ол адвокаттардың барлық ұсыныстары мен шағымдарын тыңдады.


«Заңгерлердің жағдайы қиын. Қаржылық мәселелер одан да қиын. Бірақ адамдардың құқығы бұзылып жатқанын көру тіпті ауыр. Сот процесі жүріп жатқанда, адвокаттар өз жұмысын толыққанды атқара алмайды. Прокурорлар мен сот қызметкерлері адвокаттардың айтқанын тыңдағысы да келмейді. Өз пікірін ашық айтып, белсенділік танытқан заңгерлер кейін еңбек жолын аяқтауға мәжбүр болғанын көріп те жүрміз», – дейді жиынға қатысушылардың бірі. Адвокат Қазақстандағы соттардың жақсы беделге ие еместігін де айтты.


«Адам көмекке үміттеніп адвокат жалдайды, бірақ кәсіпқоймен жұмыс істегеннің өзінде сот шешімінің қаншалықты әділ болатынына күмәнданады. Халық біздің соттарға сенбейді», - деді ол.


Сондай-ақ, жиналғандар сөз бостандығы – журналистердің сот процестері мен атышулы істерді сырттан қысымсыз көрсете алуы мәселелерін көтерді.


Салтанат Тұрсынбекова «Заң сақталмаған жерде ешқашан тәртіп болмайды» деп атап өтті.


Кандидат өз бағдарламасында бірінші бағыт ретінде сот-құқықтық реформаны ерекше атап өткенін еске салды. Атап айтқанда, сот төрелігінің тиімді жүйесін құру, даулар мен жанжалдарды шешудің баламалы жолдарын дамыту, құқық бұзушылықтың алдын алудың заңда басымдылығын қамтамасыз ету және т.б. ұсыныстарын айтты.