«Олар аштан өледі, азапталады және зорлыққа ұшырайды» - Тұрсынбекова.
Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Салтанат Тұрсынбекова жануарларға қамқорлық жасайтын орталыққа барды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Салтанат Тұрсынбекова Астанадағы жануарларға қамқорлық жасайтын орталыққа барды. Үміткер жұмысшылармен және орталық иесімен Қазақстандағы панасыз жануарлардың қиындықтары және оларға қандай көмек қажет екендігі туралы әңгімелесті.
Орталықтың негізін қалаушы Гүлмира Назарханова Қазақстанда жануарларға арналған мемлекеттік баспаналардың жоқтығын, тек аулау қызметтері мен жануарларды уақытша ұстау орталықтары бар екенін атап өтті. Ал, Салтанат Тұрсынбекова Мемлекет басшысы болса да, болмаса да жануарларға қатысты мәселені шешуге атсалысатынын айтты.
«Ашығын айту керек, біздің елде үй жануарлары болсын, иесіз жануарлар да зорлық-зомбылыққа ұшырап жатады: кейбірі аштыққа ұшырайды, кейбірі азапталады, көпқабатты үйлердің терезелерінен лақтырылады немесе жай далада қаңғып қалады. Олардың қандай азапты жағдайда өмір сүріп жүргенін көрген сайын жүрегің ауырады. 2021 жылдың желтоқсанында Жануарларға жауапты қамқорлық туралы заң қабылданды. Бірақ менің түсінуімше, бұл заңдар іс жүзінде жұмыс істемейді. Бүгінде үйсіз жануарларға арналған мемлекеттік питомниктер іс жүзінде жоқ. Мұның бәрі, әрине қаржыландырудың болмауынан. Тірі тіршілік иелеріне мемлекеттің мұндай қатынасына жол беруге болмайды. Мен түсінемін, егер біреуді иттер тістеп алса, бұл резонансқа айналып, үлкен дау туады. Бірақ бір жағдайға бола, барлық жануарларды жек көруге болмайды. Бүгінде осындай питомниктерде мүгедек немесе иесі қаңғытып жіберген жануарларды көреміз. Жануарларға арналған баспаналарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмейді. Көбінесе оларға әлеуметтік желілерде қайырымдылық жасайтын блогерлер ғана көмектеседі. Менің ойымша, бұл жағдайды түбегейлі өзгерту керек», - деді ол.