2022 жылдың маусым айында ведомствоаралық комиссия Қазақстандағы бірінші атом электр стансасын Алматы облысындағы Үлкен ауылында салу туралы шешім қабылдаған.
«Самұрық-Қазына» азаматтардың тіршілік ету сапасын жақсартатын 16 жаңа басым жоба туралы мәлімдеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Оларды іске асыру мыңдаған жұмыс орнын ашып, азаматтардың табысын арттыруға мүмкіндік береді. Олардың ішінде - мұнай-газ химиясы жобалары, ұлттық электр желісін жаңғырту, базалық қуат көзін салу, жаңартылатын энергия көздерін дамыту жобалары, 5G интернет-желісін салу, жаңа теміржол салу және т.б. жобалар. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде сөйлеген сөзінде «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев толығырақ айтып берді.
«Қысқа мерзімді кезеңде экономика мен коммуналдық-тұрмыстық сектордың электр энергиясына сұранысын жабу үшін энергия объектілерін салу талап етіледі. Біз энергетиканың ірі көміртекті-бейтарап объектілері енгізілгенге дейін Қазақстан Республикасының энергетикалық қауіпсіздігін және энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін бірнеше көмір станциясының құрылысын бастаймыз. Негізгі маңызды жоба - Ұлттық электр желісін жаңғырту - Мемлекет басшысының Батыс энергия жүйесін ҚР бірыңғай энергия жүйесімен қосу жөніндегі тікелей тапсырмасын орындау, сондай-ақ Батыс және Шығыс Қазақстанның жаңартылатын энергия көздерінің әлеуетін толық көлемде кәдеге жарату мүмкіндігі. Жел және күн энергетикасын дамыту үшін үлкен мүмкіндіктер бар. Негізгі жоба - еліміздің оңтүстігінде базалық қуат көзін салу жобасы. Болжамдық-энергетикалық теңгерім 2032 жылға қарай қуаты 2400 мегаваттқа дейінгі атом станциясын салу қажеттігін көрсетті. Сондықтан Үкіметтің жетекшілігімен Қор осы жобаны іске асыруға кірісті. Жұмыстың барысы туралы мүдделі тұлғаларға, журналистерге, қоғамға баяндайтын боламыз», - деді спикер.