Ол кабельді оттықпен жақты.
Фото: скрин
ERNUR.KZ. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қазақстандық ғалымдар шығарған отқа да, суға да төзімді кабель өнімін үкіметке әкеліп, журналистерге көрсетті. Ол кабельдің балқымайтынын дәлелдеу үшін оны оттықпен жақты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Ол премьер-министрдің кабинетінде де осы тәжірибесін көрсеткенін айтты.
«Астана қаласындағы Еуразия Ұлттық университетінде үлкен қондырғымыз бар, сол қондырғыны қолданып біз өнімнің физикалық қасиеттерін өзгертуге мүмкіндік алдық. Кабельді «ҚазЭлектроМаш» ЖШС мен Еуразия Ұлттық университеті ғалымдары бірігіп отқа жанбайтын, жоғары және төменгі температураға төзімді, радиацияны өткізбейтін, түрлі физикалық қасиетке ие кабель өнімін жасап шығарды. Оның бірінші партиясын экспортқа шығарып үлгердік», - деді министр.
Еске салсақ, фотоэлектр жүйелеріне арналған кабельді ЕҰУ жанындағы «Ядролық технологиялар паркі» АҚ және «ҚазЭлектроМаш» ЖШС бірлесе құрған «BETA IZOL» стартап-компаниясы шығарады. Жобалық қуаттылығы 15 мың шақырымға дейінгі кабельдік-өткізгіш өнімдерді құрайды. Оның алғашқы легі Өзбекстанға экспортталды.