Қазақстанда 1200 тұтқын мерзімінен бұрын бостандыққа шығады – Ішкі істер министрлігі

0
159

Есірткі тасушы курьер болып жұмыс істегені үшін жастай түрмеге тоғытылған тұтқындар мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін.


Қазақстанда 1200 тұтқын мерзімінен бұрын бостандыққа шығады – Ішкі істер министрлігі

Фото: Рexels.com

ERNUR.KZ. Қазақстанда есірткі қылмысы үшін жаза өзгерді. Заңда есірткі қойып кетушілерге жаза жеңілдетілді, деп жазады stan.kz.

Есірткі тасушы курьер болып жұмыс істегені үшін жастай түрмеге тоғытылған тұтқындар мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ішкі істер министрлігі есірткі қылмысына қарсы күрес комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов қазір түрмеде 16 мен 30 жас аралығындағы 1200-ге жуық тұтқын барын айтты.

Қуандық Әлжанов былтыр мемлекет басшысының есірткі қылмысымен күресті одан әрі жетілдіру туралы заңға қол қойғанын еске салды. Заң 3 наурыз күні күшіне енді.

Түзетулерге сәйкес, қазіргі қылмыстық кодекстің 297-бабында есірткіні сатушылар мен есірткіні қойып кетушілер үшін қылмыстық жауапкершілік сақталады. Бірақ егер қылмыс алғаш рет жасалса және ол есірткіні дайындауға қатысы болмаса, тек өңдеусіз және өндірусіз өткізуген болса жаза жеңілдетіледі.

“Енді есірткі бизнесін ұйымдастырушылар мен таратушылардың жауапкершілігі ажыратылды. Бұрын олар бір бап бойынша жауапқа тартылып, бірдей жазаға тартылса, енді мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ішкі істер министрлігі, мемлекеттік органдар мен депутаттар бірлесіп заңға түзетулер енгізді. Түзетулерге сәйкес, есірткіні өндіру, қайта өңдеу және жасауға қатысатын адамдардың жауапкершілігі қатаңдатылып, ал есірткіні байланыссыз әдіспен тарататын, яғни "қойып кетушілер" үшін жаза жеңілдетілді”, – деп мәлімдеді Қуандық Әлжанов.

Яғни, алғаш рет қылмыс жасаған есірткіні "қойып кетушілер" үшін жаза мерзімін қысқарту қарастырылған.

“Қылмыстық кодекстің 297-бабы 1-бөлігі бойынша жаза мерзімі 5 жылдан 8 жылға дейін қысқарды. Бұрын ең қатаң жаза 10 жыл еді. Бұл есірткінің мөлшері аз болған жағдайда. 2-бөлік бойынша бұған дейін қылмыскерлерді 6 жылдан 12 жылға соттаса, қазір жаза мерзімі 10 жылға дейін төмендетіледі. Бұл жаза есірткінің ірі мөлшеріне қатысты. Ал 3-бөлік бойынша – бұрын 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған болса, енді бұл мерзім 7 жылдан 12 жылға дейін төмендетілді. Бұл – мемлекеттің бір түрдегі мейірімділік актісі, құқықбұзушылардың жағдайы мен жасы ескеріледі. Әсіресе, егер олар жас адамдар болса, заңды алғаш рет бұзғандарға түсіністікпен қаралады”, – деді есірткі қылмысына қарсы күрес комитеті төрағасының орынбасары.

Сондай-ақ заңда бұрын сотталған "қойып кетушілерге" шартты түрде мерзімінен бұрын босату және өтелмеген жаза бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыру мүмкіндігі қарастырылған. Әрбір іс жеке тәртіпте қаралады, сотталған адамның тәртібі мен мінездемесі ескеріледі.

“Мұндай тәсіл жас сотталушыларға ертерек бостандыққа шығып, жаңа өмір бастауға мүмкіндік береді. Аталған қылмыс түрі бойынша жаза мерзімін қысқарту жазаның мөлшерлiгiн теңестіруге, сотталғандардың түрмеден кейінгі әлеуметтік бейімделуін жеделдетуге және олардың қылмыстық ортаға сіңісуінің алдын алуға ықпал етеді”, – деді Қуандық Әлжанов.

Сонымен қатар кәмелетке толмағандарға және білім беру ұйымдарында есірткі сатқан, ұйымдасқан қылмыстық топтардың құрамында есірткі қылмысын жасаған адамдарға қатысты жаза қатаңдайды.

Заңда өзінің қызметтік өкілеттігін пайдалана отырып, есірткі қылмысын жасаған лауазымды тұлғалар үшін де жаза күшейтіледі. Оларға 15 жылдан өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.