Оқу-жазуда ҚАТЕЛЕСЕ БЕРЕТІН БАЛАҒА арналған жаттығу бар

0
307

Әсңресе бастауыш сынып оқушыларында жиі кездеседі.


Оқу-жазуда ҚАТЕЛЕСЕ БЕРЕТІН БАЛАҒА арналған жаттығу бар

фото: Pinterest

Егер бастауышта оқитын балаңызға кітап оқу қиынға соқса, мұны тек жалқаулықтан деп ойламаңыз, себебі бұл дислекция белгісі болуы мүмкін. Егер белгілерді байқап, ертерек әрекет істесе, бала қатарластарымен бірдей деңгейде оқып кетеді. Дислекция деген не, ол қалай пайда болады, мұндай жағдайда ата-ана баласына қалай көмектесе алады?


Дислекция деген не?

Дислекция – оқып, жазғанда қиналатын, қателесіп әріптердің орнын ауыстырып оқитын, оқи алса да түсінбейтін адамдарға қоятын диагноз. Бұл диагноз көбіне мектеп табалдырығын жаңа аттаған балаларда жиі кездеседі. Ал, ғылыми деректер бойынша дислекция адамдардың 20 пайызында кездеседі екен. Сондай-ақ тек балаларда ғана емес, ересектер арасында да кездеседі.


Дислекция түрлері

Дислекцияның бірнеше түрі бар. Бұзылыс белгілеріне, ерекшелігіне қарай айырмашылығы бар:

  • Мнестикалық. Бала әріпті түсінуге қиналады – дыбысталуы мен графикалық бейнеленуін байланыстыра алмайды.
  • Тактильді. Бұл тек көз жанары көрмейтін жандарда болады.
  • Аграмматикалық. Жалғау, жұрнақтардың өзгерісі, яғни сөзді толық аяқтамау, жалғаусыз айту. Көбіне сөйлеуі дұрыс дамымаған балаларда кездеседі.
  • Фонематикалық. Дыбысты айту функциясының дамуының дұрыс болмауымен байланысты. Айтылғанда, жазылғанда бір-біріне ұқсас әріптер шатасып кетеді. Мысалы, Б-П, С-Ш, Н-Ң, О-Ө, Қ-К.
  • Оптикалық. Визуалды ұқсас келетін әріптерді шатастыру. Мысалы, С-О, В-Р, П-Н.
  • Семантикалық. Оқылған сөздерді түсінудің қиындығы. Сөздерді жеке-жеке түсінгенмен толық сөйлем оқылғанда ештеңе ұқпау.


Дислекция белгілері

  • Оқып, жазғанда әріптер мен сөздердің орындары ауысып кетеді.
  • Айналасындағы жандармен араласуда қиындық туады.
  • Алфавитті, көбейту кестесін жаттауға және жазу кезінде қиналады.
  • Қалам, қарындашты дұрыс ұстамау.
  • Есте сақтау қабілетінің төмен болуы.
  • Оң мен солды шатастыру.


Мектеп жасына дейінгі балалар

Сөйлеуінің кешеуілдеуі, сөйлеген кезде қиналу, сөздер менәріптердің орнын ауыстырып айтады.


Бастауыш сынып балалары

Сөзді анықтауға қиналады, айтылуы мен мағынасы ұқсас сөздердің алмасуы байқалады. Көбіне оқыған кезде әріптердің орнын жиі ауыстырады, сандарды шатастырады, дағдыларды өте баяу меңгереді, есте сақтауы қиын.


Орта мектеп жасындағы балалар

Өте баяу оқиды немесе көбіне жазу, дауыстап оқудан бас тартады. Сондай-ақ жазуы түсініксіз, көп нәрсе жылдам есінен шығып кетеді, ым-ишараны түсінуі қиын.


Жоғарғы сыныпта оқитын балалар

Жазуда, оқуда көптеген қателер жіберу, түсінік айтуға қиналады. Өзгерістерге бейімделуі қиын, жұмысты жай істейді.

Ал ересек жастағыларда дислекция – баяу жазу, қате оқу, ынтасыз немесе алаңғасар, ұмытшақтық белгілерімен айқындалады.


Дислекция себептері

Негізгі фактор – ми құрылымы жұмысындағы бұзылыс. Бұл түрлі аурулар салдарынан немесе өмірлік жағдайларға да байланысты болуы мүмкін.

  • Босануға дейінгі мидың зақымдануы. Себеп болуы мүмкін жағдайлар: қаназдық, жүрек ауруы, анасында инфекцияның болуы, асфикция, босанудың ұзаққа созылуы, ішімдік немесе дәріден улану, бала жолдасының уақытынан бұрын ажырауы.
  • Балардың церебралды сал ауруы.
  • Ми сыңарындағы тепе-теңдіктің бұзылысы.
  • Әлеуметтік жағдайлар: бақылаусыз қалу немесе оқу жүктемесінің шамадан көп болуы, қатарластарымен араласпау, нашар отбасы.
  • Көз жанарындағы мәселелер.
  • Бас-ми жарақаттары және мидағы инфекция.
  • Баладағы дислекцияны нақты анықтап алу үшін, қажетті жиынтықты тексеруден өту қажет.


Дислекция кезінде жасалатын жаттығулар

Сөзді тап - Ең алдымен бір әріпті айтып, сол әріптен басталатын барлық затты табуды тапсыру керек. Кейін тапсырманы қиындатып, сол әріптен аяқталатын заттарды іздетіңіз.

Сөз құрау - Бір біріне жабысатын магнитті әріп текшелерінен сөз құраңыз және соны бөлуді тапсырыңыз. Мысалы, «апаанаәке».

Сөз жазу - Бір сөзді оқытып, есінде қалғаны бойынша жазғызыңыз. Біртіндеп сөз қосып күрделендіре түсіңіз.

Ойлан тап - Бұл жаттығу кез келген балаға ұнайды. Баланың арқасына ақ парақты қойып үлкен етіп әріпті жазыңыз, ойланып, тауып көруге тырыссын.

Сөз жарыс - Бір сөзді бастап, соңындағы әріптен басталатын келесі сөзді табу керек. Мысалы, ана-арық-қыз-зат-таба.

Дыбыс санау - Азырақ макарон мен ыдыс алыңыз. Бір сөзді айтып, қанша дыбыс естілсе, сонша макаронды кесеге салғызыңыз.

Бұл жаттығуларға тиімді, балаға ұнайтын өз қиялыңызды ойын немесе жаттығу қоссаңыз болады.


Дислекцияның алдын алу шаралары

Баланың ұсақ маторикасын ерте жастан дамытуға тырысыңыз. Дамытатын, қимыл-қозғалысы көп ойындарды ойнату керек. Жан-жануарлар, заттар бейнеленген суреттерді көрсетіп, таныстырыңыз. Балалар ақпаратты визуалды жақсы қабылдайды.

Алдын алу шараларын бала мектепке бармай тұрып ертерек бастаған жөн. Барлық тапсырманы оңайынан бастап, біртіндеп жаймен күрделендіре түсіңіз.


Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ.