Сенат депутаттары Жоғарғы соттың судьясын қызметінен босатты

0
662

​Бүгін парламент сенатының жалпы отырысында Жоғарғы соттың екі судьясын сайлау және біреуін босату мәселесі қарастырылды.


Сенат депутаттары Жоғарғы соттың судьясын қызметінен босатты

ERNUR.KZ. Сенат депутаттары Жоғарғы соттың екі судьясын сайлау және біреуін босату туралы президенттің ұсынымын қарады, деп жазады sputnik.kz.

Жоғары сот кеңесінің төрағасы Талғат Донақовтың айтуынша, мемлекет басшысы Ақтөбе облыстық сотының төрағасы Сәкен Абдолланы және астаналық соттың судьясы Мәдениет Омарбекованы Жоғарғы Соттың судьясы қызметіне сайлауды ұсынды. Ал Жоғарғы Соттың судьясы Гахарман Дүйсенбаев отставкаға кетуге өтініш білдірген.

"Кандидаттардың сот саласындағы орташа еңбек өтілі 22 жылдан асады. Екеуі де Жоғарғы сот судьясы сияқты ауыр әрі жауапты жұмысқа толығымен дайын. Құрметті депутаттар, мемлекет басшысының Сәкен Абдолланы және Мәдениет Жақанқызы Омарбекованы Жоғарғы Соттың судьясы қызметіне сайлау туралы және Гахарман Базарбекұлы Дүйсенбаевты орнынан түсуіне байланысты Жоғарғы Соттың судьясы қызметінен босату туралы ұсынымын қолдауыңызды сұраймыз", - деді Донақов.

Сенат депутаттары президенттің ұсынысын бірауыздан қолдады.

Абдолла Сәкеннің еңбек жолы

Абдолла Сәкен 1964 жылы туған. Заң ғылымдарының кандидаты еңбек жолын 1986 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының прокуратура органдарында бастаған.

1992 жылдан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы әділет басқармасы бастығының орынбасары болып жұмыс істеді.

  • 1993 жылы - Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы;
  • 1996 - 1999 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы әділет басқармасының бастығы;
  • 1999 - 2002 жылдары - Алматы қаласы әділет басқармасының бастығы;
  • 2002 - 2003 жылдары - әділет министрлігі сот сараптамасы орталығының директоры;
  • 2003 жылы - Жоғарғы сот аппаратының басшысы;
  • 2004 жылы - Жоғарғы сот судьясы;
  • 2007 жылы - Маңғыстау облыстық сотының төрағасы;
  • 2011 жылы - Нұр-Сұлтан қаласы сотының төрағасы;
  • 2013 жылы - Қазақстан Республикасы Әскери сотының төрағасы.

2018 жылғы желтоқсаннан бастап Ақтөбе облыстық сотының төрағасы қызметін атқарды. Судьялық жұмыс өтілі - 19 жыл.

Мәдениет Омарбекованың өмірбаяны

Мәдениет Омарбекова 1965 жылы туған, жоғары заң білімі бар. Заң ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын 1988 жылы Қарағанды қаласы Совет аудандық сотының сот отырысының хатшысы болып бастады. 1990 жылдан бастап сот орындаушысы болды. Ал 1992 жылы аудандық сот төрағасының көмекшісі қызметіне тағайындалды.

1993 жылы Қарағанды қаласы Совет аудандық сотының судьясы болып сайланды.

2000 жылы Қарағанды облыстық сотының судьясы болды.

2015 жылдың мамырынан бастап Нұр-Сұлтан қаласы сотының судьясы болып жұмыс істеді. Судьялық жұмыс өтілі 27 жыл.