Сенаторлар дипломаттарға қойылатын талаптарды күшейтуді ұсынды

0
2 480

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасын сенаторлар қабылдамады.


Сенаторлар дипломаттарға қойылатын талаптарды күшейтуді ұсынды

ERNUR.KZ. Дипломаттық қызметке үміткерлердің барлығы мемлекеттік тілден бөлек, шет тілдерін де білуі тиіс. Құқықбұзушылықтар тіркелген жағдайда, олардың дәрежелері төмендетіледі немесе олар дәрежесінен айырылады. Елшілік қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелеріне жеке заттарын жіберу үшін дипломатиялық поштаны пайдалануға тыйым салынады. Сенаторлар мұндай ұсыныстарды «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» заң жобасын қарастырған отырыста талқылады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев отандық дипломатиялық қызметтің Қазақстанның мүддесін халықаралық аренада ілгерілетуде маңызды рөл атқаратынын ескере отырып, аталған заңның ерекше маңыздылығын атап өтті.

«Құжат елдің дипломатиялық қызметінің құқықтық базасын жетілдіреді және реттейді. Сондай-ақ жоба дипломатиялық сала ардагерлерін әлеуметтік қолдауға бағытталған нормаларды қамтиды. Заң еліміздің дипломатиялық қызметінің тиімділігін арттыруға өз үлесін қосады деген үміттеміз», - деді ол.

Құжатта Сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы өкілдігінің мәртебесі заңнамалық түрде бекітілді. Мегаполисте орналасқан 100-ден астам шетелдік дипломатиялық өкілдіктермен және халықаралық ұйымдармен тығыз жұмыс істегендіктен, оның рөлі артты.

Мәжіліс мақұлдаған «Дипломатиялық қызмет туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын сенаторлар қабылдамады. Оның ішінде елшілік қызметкерлеріне жеке заттарын жіберу үшін дипломатиялық поштаны пайдалануға тыйым салатын тармақ Мәжіліске қарауға қайтарылды.

Бұған дейін вице-премьер - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді заң жобасында «Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің ардагері» деген тиісті ұғымды бекіту ұсынылғанын атап өткен болатын.

«Төтенше және өкілетті елші, халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты (өкілетті) өкіл қызметін атқарған немесе төтенше және өкілетті елші дипломатиялық дәрежесі бар дипломатиялық қызмет ардагерлеріне ҚР Үкіметі айқындайтын тәртіппен және мөлшерде ай сайын ақшалай төлем жасалады. Мұндай төлемдерді жүзеге асыру үшін қаражатты бөлуді республикалық комиссия қолдады», - деді министр.

Анықтама ретінде: алғашқыда (2021-2023 жылдарға) 183 млн 242 мың теңге бөлу жоспарланған. СІМ-де жұмыс істеген жылдар санының азаюы дипломатиялық қызмет ардагеріне жататын адамдар шеңберін кеңейтеді, бұл 194,4 млн теңге мөлшерінде қосымша қаражат бөлуді талап етті.

Сондай-ақ, «дипломатиялық пошта» ұғымын енгізу және Үкіметке, СІМ-ге және басқа да мемлекеттік органдарға дипломатиялық поштаны жоспарлау, жасақтау, ресімдеу және жеткізуді қамтамасыз ету жөніндегі функцияларды беру ұсынылды.