Серік Жұманғарин «Астық STEM» ЖШС егіс алқабында өңірдің фермерлерімен кездесті

0
184

Бұл 9,3 мың гектар жерге көкөніс, дәнді дақылдар, майлы және мал азығы дақылдарын өсіруге маманданған облыстағы ірі кәсіпорынның бірі.


Серік Жұманғарин «Астық STEM» ЖШС егіс алқабында өңірдің фермерлерімен кездесті

Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Тайынша ауданы Абай ауылдық округіндегі «Астық STEM» ЖШС егіс алқабында өңірдің фермерлерімен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ Primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл 9,3 мың гектар жерге көкөніс, дәнді дақылдар, майлы және мал азығы дақылдарын өсіруге маманданған облыстағы ірі кәсіпорынның бірі. Жалпы сыйымдылығы 14 мың тоннаға жуық көкөніс сақтайтын бес қоймасы бар. Ұңғымалардан суды пайдалана отырып, табиғи су қоймалары жоқ егістіктерді суару жүйесі жолға қойылған.

Серік Жұманғарин фермерлермен кездесуде биыл ауыл шаруашылығы өндірушілеріне көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары мен оны ұлғайту жоспарланып отырғанын айтты. Егін жинау кезінде туындайтын мәселелерді шешу жолдары талқыланды.

«Қазір біз жаңа өнімді сақтау мәселелерін жүйелі түрде шешіп жатырмыз. Былтырғы өнім сақталып қалған элеваторларда кезек мәселесі бар. Азық-түлік корпорациясы соңғы 2 айға толмайтын уақытта экспортқа және оңтүстік өңірлерге 1 млн тоннадан астам астық жөнелтті, алдағы 2 аптада тағы 200 мың тонна экспортталады. Сонымен қатар біз жедел штабта тұрып қалған бес элеваторды іске қосуды қарастырдық, оның бірі СҚО-да. Қазір біз оларды тезірек іске қосу үшін жұмыс істеп жатырмыз», — деп атап өтті ол.

«Вишневское» ЖШС өкілі Павел Рафальский күтілетін өнім мен мемлекеттік қолдаудың маңызы туралы айтты.

«Әзірленген бағдарламалар үшін мемлекетке алғыс айтқым келеді. Көктемгі егіс кезінде ол бізге шынымен қолдау болды, аталған қаражат егіс жұмыстарын бастауға, арамшөптерді отап, химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік берді. Біз гектарына 30 центнерден жоғары мол өнім күтудеміз. Мен ес білгелі мұндай астық түсімі алғаш рет болғалы тұр. Өнімділікті арттыру үрдісін жалғастыру үшін келесі жылы минералды тыңайтқыштарды енгізуді көбейту қажет. Біз жұмыс істеуге дайынбыз, оған тәжірибеміз бар, бірақ біз салған ақша өзін ақтауы керек», — деді фермер.

«Тайынша Астық» ЖШС-і Қуат Карбозов көктемгі егіс жұмыстарына жыл басында емес, күздің аяғынан бастап жеңілдікті қаражат бөлу мәселесін көтерді.

«Егер ақша егіс науқаны басталуынан әлдеқайда ерте бөлінсе, техниканың қосалқы бөлшектерін арзан бағаға сатып алар едік. Бұл тыңайтқыштардың құнын едәуір төмендетеді, оларды фермер ең соңында сатып алады, өйткені оларға қолма-қол ақша қажет. Биыл жеңілдетілген лизингтің арқасында техника паркімізді 40%-ға жаңарттық. Егер жеңілдігі бар несиелер ұзағырақ мерзімге бөлінсе, бұл бізге де қарыздарды асықпай есептеп, несиемізді жабуға көмектесер еді», — деді ол егіс алқабындағы әріптестерінің пікірін жеткізіп.

«Аграрлық несие корпорацияның» Басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков көктемгі дала жұмыстарын ерте қаржыландыру үшін нарықтан қаражат тарту мүмкіндігімен жұмыс істеп жатқанын айтты. Қорытынды шешімді Үкімет қабылдайды. Жеңілдігі бар несиелендіру шарттарын арттыруға келетін болсақ, «Кең Дала» бағдарламасының шарттары келесі жылдың көктеміне дейін несиелік міндеттемелерді өтеуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақі Серік Жұманғарин сыйымдылығы 118 мың тонна болатын Тайынша элеваторына барды. Элеваторда 4 астық кептіргіш бар, олардың бір бөлігі сұйытылған газбен жұмыс істейді. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өңірдегі астық кептіргіштер үшін арзандатылған бағамен сұйық отынның қажетті көлемі бөлінгенін және элеваторға жоспарлы түрде бөлінетінін хабарлады.

Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданында вице-премьер Солтүстік Қазақстан ауылшаруашылық тәжірибе стансасы қызметінің нәтижесімен танысты. Бұл элиталық тұқым шаруашылығы 2023 жылы «Семеновна» жаздық жұмсақ бидайдың жаңа сортының түпнұсқа және элиталық тұқымдарын өндіруге грант ұтып алды. Жаңа сорттың артықшылығы құрғақшылыққа және ауруларға төзімді, тыңайтқыштарға жоғары сезімталдығы бар, глютен мөлшері 30%-дан жоғары.