Сеулдегі Қазақстан елшілігіне қарама-қарсы орналасқан ғимараттың жерасты тұрағынан шыққан көлік өртенген.
ERNUR.KZ. Қазақстандық дипломаттар Оңтүстік Корея астанасы Сеулде өртеніп жатқан көлікті сөндіріп, апаттың алдын алды. Бұл туралы Korea Herald хабарлады, деп жазады tengrinews.kz.
Оқиға дүйсенбіде сағат 13:20-да болған. Сеулдегі Қазақстан елшілігіне қарама-қарсы орналасқан ғимараттың жерасты тұрағынан шыққан көлік өртене бастаған.
Автокөлік кенеттен өртене бастағанда төтенше оқиға орнында болған қазақстандық дипломаттар жедел әрекет еткені айтылған.
ҚР елшілігінің кезекші коменданты Руслан Қайрамбаев пен бірінші хатшы Бауыржан Байтілеуов шұғыл шаралар қолдану арқылы ықтимал апаттың алдын алған.
"Екі дипломат елшіліктің алдында өртеніп жатқан көлікті байқаған және шұғыл түрде араласу керек екенін түсінген. Олар тез әрекет етіп, жалынды өшіріп, жағдайдың ушығуына жол бермеу үшін көлікке қарай беттеді", - деп жазады Korea Herald басылымы.