Сайлау кезінде адамдардың жиналуына тыйым салынбайды. Алайда қоғамдық тәртіпті бұзу әрекеттері болса, тиісті шара қолданылады.
ERNUR.KZ. ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мақсат Байболов сайлау кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау шараларын түсіндірді, деп жазады sputniknews.kz.
"Сайлау өтетін күні барлық өңірде тәртіпті қадағалау шаралары жүргізіледі. Бұл – заң талабы. Негізі, артық шығындар шықпайды деген жоспар бар. Мұның бәрі қоғамдық тәртіпке бөлінетін қаражаттың есебінен болады. Өңірлерден қосымша күш тартылмайды. Әрбір өңірлік орган өзі орналасқан жерде тәртіпті бақылайтын болады", - деді Байболов бүгінгі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, елордаға да қосымша күш тартылмайды. Сайлау кезінде қалада 20 мыңға жуық полицей қоғамдық тәртіпті сақтайды.
"Негізі, Нұр-Сұлтанда қоғамдық тәртіпті сақтау үшін қызметкерлер саны жеткілікті. Сондықтан басқа өңірлерден полицейлерді тартпаймыз. Мәселен, елордада сайлау учаскелерінде 19 мың полицей болса, тағы қосымша қызметкерлер бюллетеньдерді күзетуге жіберіледі. Ал көшелерде 10 мыңнан астам құқық қорғаушы қоғамдық тәртіпті қадағалайды", - деп атап өтті Байболов.
Комитет басшысы митинг мәселесіне қатысты сұраққа да жауап берді. Оның сөзіне қарағанда, бүгінде арнайы дайындық жүргізіліп жатқан жоқ. Барлық шара күшейтілген режимге сай атқырылады.
"Біріншіден, рұқсат етілмеген митинг болса, біздің негізгі міндетіміз – қоғамдық тәртіпті сақтау. Ондай шаралар кез келген жағдайда атқарылады. Сайлау күні адамдардың көп жиналуына басымдық бермейміз. Біз бәрін жоспар бойынша атқаратын боламыз. Әрине, ішімдік ішу, қоғамдық орында мас күйде жүру сияқты тәртіп бұзушылық болса, міндетті түрде шара қолданамыз", - деп атап көрсетті Байболов.
Оның айтуынша, бүгінде нақты нұсқау бар. Құқық қорғаушылар қоғамдық тәртіпті қадағалауға шыққанда арнайы құрал-жабдықтарын да алып шығады. Бұның бәрі нормативтік-құқықтық актілермен бекітілген.
"Заңда қаруды және арнайы құрал-жабдықтарды қолдану шарттары жазылған. Дәл қазір атап айта алмаймын. Өйткені қателесуім мүмкін. Бірақ заңға бағынбау немесе азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіру сияқты әрекеттер болса, арнайы құрал-жабдықтарды қолдануға рұқсатымыз бар", - дейді Байболов.