Алматы қаласы білім басқармасының мәліметінше, 26 жастағы Мерей Ибрагимов көркем пәндерден сабақ берген.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шарын шатқалында ерлікпен қаза тапқан мектеп мұғалімін марапаттау туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақорда сайтына сілтеме жасап.
"Адам өмірін сақтап қалуға байланысты қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін Алматы қаласы "№ 199 мамандандырылған гимназия" КММ мұғалімі Мерей Нұрғазыұлы Ибрагимов "Ерлігі үшін" медалімен наградталсын (марқұм)", - делінген құжатта.
Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Айта кетейік, демалыс күндері Шарын шатқалында төтенше жағдай болды. Толастамай жауған жаңбырдан кейін сел жүрді. Дәл сол күні №199 гимназияның 8 оқушысы шатқалға экскурсияға шыққан. Оларды 5 ата-ана мен 3 мұғалім ертіп жүрген.
Сел кезінде екі баланы су шайып кетті. Мерей Ибрагимов біреуін құтқарамын деп, бірге суға кетті. Ал екінші қыз келесі күні аман-есен табылды.
Алматы қаласы білім басқармасының мәліметінше, 26 жастағы Мерей Ибрагимов көркем пәндерден сабақ берген. Жұмыс өтілі – 5 жыл. Оның 3 жылында Алматы қаласындағы №199 гимназияда жұмыс істеген. Әріптестерінің айтуынша, Мерей өте жауапты маман болған.
"Барлық оқушының сүйікті ұстазы, өз ісінің шебері еді. Ерекше шығармашылық адамы, көшбасшы, мақсаты айқын ұстаз болатын. Жан-жағындағыларға күлкі сыйлап жүретін", - дейді марқұмның әріптестері.