Бұған дейін Семей орманшыларының қазасына Түркия үкіметі көңіл айтқан болатын.
Өзбекстан тарапының бастамасымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Өзбекстан Президенті Абай облысындағы өрт салдарынан адамдардың қаза табуына байланысты Мемлекет басшысына және Қазақстан халқына көңіл айтты. Шавкат Мирзиёев мерт болған азаматтардың отбасыларының қайғысына ортақ екенін жеткізді.
Әңгімелесу барысында тараптар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін тағы да растады және әлемдегі қазіргі жағдай туралы пікір алмасты.
Бұған дейін Семей орманшыларының қазасына Түркия үкіметі көңіл айтқан болатын.
Еске салайық, «Семей» орманы резерватында өрт 8 маусым күні шыққан болатын.
Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариковтың айтуынша, өрт 2 рет түскен найзағайдан тұтанған.
Тілсіз жауды ауыздықтауға жұмылдырылған 14 орманшы қаза болды. Барлығы мемлекеттік наградаға ұсынылды.
Семей орманындағы өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Үш ауылдың тұрғындары қауіпсіз жерге эвакуацияланды.
10 маусым күні түсте жалын шарпыған аумақ 60 мың гектардан асып кеткені хабарланды.
Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Абай облысына барды.
Мемлекет басшысы орман алқаптарындағы өрт сөндіру жұмыстарымен танысып, шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізді және өрт кезінде қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің туыстарымен кездесті.
12 маусым Семей орманындағы алапат өрттен қаза болғандарды аза тұту күні болып жарияланды.
Бүгін Абай облысының полициясы тракторымен өрт сөндіруге кеткен тағы бір адамның іздестіріліп жатқанын хабарлады.