Ол мәжілісте жүрген кезінде де бұл мәселені бірнеше мәрте көтерген.
ERNUR.KZ. Жақында Алматыда жас қыздарды жеңіл жүріспен пайда табуға тартып, эскорт желісін ұйымдастырған 25 жастағы блогер қыз ұсталған еді. Бұл жағдай қоғамда қызу талқыға түсіп, бірі эскортшыларды қатаң жазалауды талап етсе, депутаттар мұны заңмен реттеу қажет екенін айтады, деп жазады stan.kz.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, эскорт қызметін ұйымдастырған қыз бойжеткендерге демеушілер табамыз, әлемді аралайсың және өміріңді жақсартасың деп уәде берген. Бір қызығы, ол өзі құрған ортаға көлденең кездескенді қоспаған. Топқа кіру үшін 300 доллар (шамамен 150 мың теңге) төлеу тиіс болған. Жеңгетай болған жап-жас қыз клиенттен түскен ақшаның 40 пайызын өзіне алып, қалғанын қызмет көрсететін қыздарға беріп отырған.
Осылайша, ол бір жылдың ішінде 209 млн теңге табыс тапқан. Оның тіпті әлеуметтік желіде 100 мыңнан астам жазылушысы болған. Ал өңшең бай-бағландарға қызмет көрсетіп келген қыздар бір сағатқа 500 мың теңге алған.
Экс-депутат Айгүл Соловьева мұндай қыздардың қызметін жалдайтын адамдардың қатарында олигархтар мен шенеуніктердің болатынын айтады.
Жезөкшелік пен есірткінің бәрі бірдей екенін алға тартқан мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов мұны заң бойынша тәртіпке келтіру қажет деген ойын жасырмайды. Ал тағы бір депутат Ерболат Саурықов заңмен шектеу бұл адамның конституциялық құқығына қысым болады деп ойлайды.
"Сондықтан заңдарды қарап, мұны ойластыру қажет. Қоғаммен ақылдасу қажет", – дейді Саурықов.
Экс-депутат Айгүл Соловьева болса, жезөкшелікті заңдастыру қажет дейді. Ол мәжілісте жүрген кезінде де бұл мәселені бірнеше мәрте көтерген.
"Жезөкшелікті заңдастыруымыз керек. Өйткені қыздарға қорлық көрсеткен жағдайлар жиі кездеседі. Бұл – ежелгі мамандық. Оны біз шығарған жоқпыз. Сол себепті оны жоя алмаймыз. Біріншіден, біз қыздарды заң жүзінде қорғауымыз керек. Себебі жас қыздарды әлгі эскорт ұйымдардың өкілдері қорлайды. Сонымен бірге медициналық қызметтерді де алады. Осылайша түрлі инфекциялық аурулардың алдын аламыз. Әрі олар мемлекетке салық төлейді. Ал шектеп тастасақ, бұл мәселе ешқашан шешілмейді", – дейді Соловьева.
Қоғам белсендісі Тұрар Саттарқызы "ұлды – тоқшылық, қызды жоқшылық бұзады" деген мақалмен келіспейтінін ашып айтады. Ол кінәні қыздың өзінен емес, оның ата-анасынан көреді.
"Егер қыз баланың тәрбиесі мықты болса, ар мен ұяттың орнын білетін болса қыз бала өз ұятына берік болады. Сондықтан барлығы тәрбиеде жатыр. Барлығын жоқшылыққа жаба беру дұрыс емес", – дейді қоғам белсендісі.
Айта кетейік, эскорт желісін ұйымдастырған блогерге 10-15 жыл аралығында бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Алайда заңға сүйенген депутаттар жазамен мәселенің шешілмейтінін айтады.