Шетелдіктердің Қазақстанға виза алуы жеңілдетілді

0
1 106

ІІМ ағымдағы жылы "Шетелдіктерді шақыру" қызметін электронды форматқа көшірді.


Шетелдіктердің Қазақстанға виза алуы жеңілдетілді

ERNUR.KZ. Қазақстанның инвестициялық және туристік тартымдылығын арттыру – ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың мемлекеттік органдардың алдына қойған маңызды міндеттерінің бірі. Осыған байланысты ІІМ көші-қон саласында мемлекеттік қызметтерді көрсету шараларын жеңілдету және мерзімін жеделдету бойынша тиісті жұмыстарды жалғастыруда, деп жазады zakon.kz.

ІІМ ағымдағы жылы "Шетелдіктерді шақыру" қызметін электронды форматқа көшірді. Елге шақыруды рәсімдеу – бұл Ішкі істер министрлігі көрсететін сұраныстағы мемлекеттік қызметтердің бірі. Дәл осы шара Қазақстанға келгісі келген шетелдік азаматтарды әуреге салып, көп уақыттарын алатын. Құжаттарды жинақтау, Қазақстан елшілігіне бару және жауап күту кейде 30 және одан да көп күнге созылады.

Бұл қызметті енді үйден шықпай-ақ көші-қон визасы www.vmp.gov.kz. порталы арқылы 5 күнде алуға болады.

Көші-қон визасы порталындағы жеке кабинетте шетелдікке шақыртуды рәсімдеуші тұлғаға:

  • өтінішті толтырып, шетелдіктің жеке мәліметтерін енгізу;
  • электронды үкімет порталының төлем шлюзы арқылы мемлекеттік баж салығын (әрбір шақырылушыға 0,5 АЕК) төлеу;
  • арада 5 жұмыс күні өткенде өтініш берушінің жеке кабинетіне шақыртудың 10 таңбалы тіркеу нөмірі келіп түседі, осы нөмірді шетелдік азаматқа хабарлау қажет.
  • шетелдік азамат көші-қон визасы порталында өтінімді толтырады;
  • Арада 15 минут өткенде шетелдік электронды виза алады.
  • электронды визаны қағазға шығарып, Қазақстан шекарасында төлқұжаттық тексеруден өту кезінде Шекара қызметі қызметкерлеріне көрсетуі керек.

Қазіргі уақытта Қазақстанға іскерлік мақсатта келетін шетелдіктерге электронды шақырту қызметі бір реттік электронды виза рәсімдеу үшін "В1", "В2" және "В3" санаттары бойынша және жеке мақсаттармен келетіндерге "В10" санаты бойынша қолжетімді.

Атап өтер жай, қазіргі уақытта электронды визаның көмегімен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы халықаралық әуежайларында төлқұжаттық тексеруден өтуге болады. Осындай тәртіпті Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасындағы өзге өткізу пункттерінде де 2020 жылы қолдану жоспарланып отыр.