Ол суицид жасайтынын WhatsApp мессенджері арқылы хабарлаған.
ERNUR.KZ. ШҚО-да Жаңа Бұқтырма кентінің полицейлері ер адамды суицидтен құтқарды. Тәртіп сақшыларына елордалық 66 жастағы тұрғын хабарласып, ұлының аталған кентте жоғалғаны туралы айтқан, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Тексеру барысында өтініш беруші отбасымен бірге Бұқтырма су қоймасында орналасқан «Сказка» демалыс базасына келгені анықталды. Демалыс кезінде анасы мен 45 жастағы ұлы арасында ұрыс-керіс болып, содан кейін ер адам жеке автокөлігімен белгісіз бағытқа кетіп қалғаны анықталды. Біраз уақыттан кейін ұлы анасына WhatsApp мессенджеріне өзін-өзі өлтіру ниеті туралы хабарлама жіберген.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Жаңа Бұқтырма кентінің полиция қызметкерлері 40 минут ішінде көгілдір Шығанақтың маңында таудан асу арқылы өз-өзіне қол жұмсамақ болған мас күйіндегі ер адамды тауып алды», - делінген ШҚО Полиция департаменті таратқан хабарламада.
Көп ұзамай ер адам Жаңа Бұқтырма кентінің полиция бөлімшесіне жеткізілді, онда онымен профилактикалық жұмыс жүргізіліп, артынша аман-сау жақындарына тапсырылды.