Шолақай ауылында 15 жастағы қызды зорлап, өртеп жіберген қылмыскерге үкім шықты

0
759

Дүйім жұртты дүр сілкіндірген қылмыс осыдан тура алты ай бұрын болған.


Шолақай ауылында 15 жастағы қызды зорлап, өртеп жіберген қылмыскерге үкім шықты

ERNUR.KZ. Жетісу облысының Шолақай ауылында 15 жастағы Құралайды зорлап, өлтіріп, артынан өртеп жіберген қылмыскер өмір бойына сотталды, деп жазады ҚазАқпарат.

Жантүршігерлік қылмыс жасаған 39 жастағы Рустам Ахметовке Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Бақыт Ермаханов осындай жаза кесті.

Үкім кезінде судья жаға ұстатар қылмыстың жай-жапсарын баяндады. Тергеу дерегінше, сотталушы алдымен 15 жастағы Құралайды зорлап, айуандықпен өлтірген. Содан соң қыздың жүрек тұсынан үш рет пышақ салғаны анықталған. Кейін бір метр тереңдікте жер қазып, қыз баланың ұялы телефонын сындырып, мәйітті өртеп, көміп тастаған екен.

Естеріңізге сала кетейік, дүйім жұртты дүр сілкіндірген қылмыс осыдан тура алты ай бұрын болған еді. Із-түссіз жоғалып кеткен Құралай Қисабекті бүкіл Шолақай ауылының тұрғындары жанұшыра іздеген. Алайда, тек 8 күннен кейін қыз баланың мәйіті табылған.

Мүрде сол ауылдан үш жарым шақырым жерде орналасқан қылмыскердің қыстағының маңынан табылған болатын.

Айта кетсек, өмір бойына сотталған Рустам Ахметовтың бұл алғашқы жасаған қылмысы емес. Ол бұған дейін 14 жастағы жасөспіріммен жыныстық қатынасқа түсіп, оған үйленіп, жазадан құтылған. Екінші қылмысында тағы да кәмелетке толмаған қыз баланы зорлап, 5 жылға сотталған болатын. Енді өмір бойына бас бостандығынан айырылған ол жәбірленуші тараптың сұрауы бойынша 10 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.