"Шудағы шу": Шуда полиция мен тұрғындар арасында жанжал туды (видео)

0
1 236

Құқық қорғау органдары күйеу баласының өлімін оның мойнына жүктемек болған.


иллюстациялық фото

ERNUR.KZ. Шуда тәртіп сақшылары мен тұрғындар арасында жанжал болды. Екі кеште полицейлер үш көлікпен "Аудиді" бүйірден қысып тоқтатады. Сөйтіп жүргізушінің қолына кісен салып, көлікке тінту жүргізбек болған. Бірақ аяқ астынан қаптаған жұрт бұған жол бермеді. Жұрттың сөзіне сенсек, полицейлер жазықсыз жанға жала жаппақ болған. Яғни көлігіне есірткіні өздері тастап, оны түрмеге тоғыту ниеті бар дейді. Ал тәртіп сақшылары күдіктінің көлігін көптің көзінше мұқият тексерген. Бірақ ештеңе табылмаған, деп жазады ktk.kz.

Естеріңізде салсақ, бір ай бұрын Шу қаласында полиция майоры айуандықпен өлтірілген. Сол қайғылы жағдай мен осы жанжалдың байланысы бар дейді шулаған жұрт. Көлігі тінтілген азамат – марқұм тәртіп сақшысының қайын ағасы.

Біржанның айтуынша, құқық қорғау органдары күйеу баласының өлімін оның мойнына жүктемек болған көрінеді.

"Олар маған қысым көрсетті. Күйеу балаңның өлімін мойныңа ал деді. Болмаса анаша лақтырып, осы жақтағы балалардың бәрін жабамыз деп қорқытқан. Димаш, Елдары бар, полицейдің бәрі келді", - дейді Біржан Халық.

Ал отағасынан айырылған екі баланың анасы жолдасымның қазасына әріптестерінің қатысы бар деп күдіктенеді. Қайғыдан қан жұтқан келіншек ішінде біраз шындықтың бүгіп жатқанын жасырмады. Бірақ жария қылуға жақындарым үшін қорқамын дейді.

"Ауруханада жатқанда, маған СМС жазды. Маған бірдеме болса, сен мен үшін жауап аласың деді. Сол кезде Алметов Асхаттың, Димаштың аты, барлық бастықтың есімі аталған. Қанша айтылса да, олар кінәні өз жағына емес, менің бауырыма артып, мойнына іліп жібереміз дейді", - деп ашынды Мөлдір Халық.

Полиция департаментінің басшылығы көліктен есірткінің қоқымы да табылмағанын мойындады. Сөйтіп, күдіктілер босатылыпты. Сондай-ақ, осы дау мен өртеп өлтірілген полиция қызметкері арасында еш байланыс жоқ дейді.

"Ұсталған үш адамға моральдық жағынан ешқандай қысым болған жоқ. Бәрі заң шеңберінде атқарылды. Оларға қатысты сараптама жүргізілді. Сондықтан халыққа түсіндірілген соң олар тынышталды", - дейді Жамбыл облыстық ПД бастығының орынбасары Темірбек Оразымбетов.

Шу халқының полицейлермен басы піспей қалу дерегі жиілеп кеткені жасырын емес. Бұған дейін де тәртіп сақшыларының озбырлығынан қажыдық деген жұрт талай шу шығарған еді. Майра Рысманова соның бірі болатын. Балам жазықсыз сотталды деген ана, ақыры әділдікке жеткізе алмай бас прокуратураның алтында өзін өртеп, кейін ауруханада көз жұмған.