Өрт сөндірушілер жалынды ауыздықтап, өрттің кең аумаққа таралуына жол бермеді.
фото: ТЖМ
ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының Мұқашы ауылында шөп қора өртеніп, 600 тоннадан астам салмағы бар 2000 бума шөп жанып кетті, деп жазады stan.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің дерегінше, өрт сөндірушілер жалынды ауыздықтап, өрттің кең аумаққа таралуына жол бермеді.
"Өрт сөндірушілердің күшімен көршілес ғимараттар мен шаруашылықтарға өрттің таралуының алдын алдық. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Қазір өрттің шығу себептері анықталып жатыр", – деп хабарлады ТЖМ.
Өрт толықтай сөндірілді. ТЖМ шөпті сақтау және жинақтау кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаудың маңыздылығын ескертеді.
Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысында дала өртін сөндіру кезінде 33 жастағы қызметкердің қаза тапқаны туралы жазған едік. Павлодар облысындағы дала өртінің аумағы бір күнде екі есе ұлғайып, 6 мың гектарға жеткені хабарланған еді.