​Шығыс Қазақстанда декреттік жәрдемақы алған ер азаматтардың басы бәлеге қалды

0
2 535

​Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры өкілдерінің түсіндіруінше, олар жәрдемақыны негізсіз алған.


​Шығыс Қазақстанда декреттік жәрдемақы алған ер азаматтардың басы бәлеге қалды

ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысында бала күтіміне байланысты бір жылға дейін төленетін жәрдемақыны өз атына рәсімдеген ер адамдар бұл ақшаны қайтаруы тиіс. Жалпы 254 ер адам "декреттік" жәрдемақы алған. Енді оларға 200 миллион теңгеден астам соманы қайтару жөнінде талап қойды, деп жазады sputnik.kz.

Мемлекеттік сақтандыру қоры өкілдерінің түсіндіруінше, бұл төлемдер негізсіз алынған. Ал тиісті қаражатты алған отбасылар мұндай уәжбен келіспей отыр. Олар құжаттарды рәсімдеуге ХҚКО қызметкерлері көмектескенін айтады.

Солардың бірі – Дмитрий Журавлев. Ол ХҚКО-ға кезекті рет келгенде мемлекетке 1 миллион теңгеге жуық берешегі бар екенін білген. Ер адам осыдан үш жыл бұрын бала күтіміне байланысты жәрдемақыны өз атына рәсімдеген.

Ол туу туралы куәлікті рәсімдеп, жәрдемақы жайлы ақпарат алу үшін ХҚКО-на барғанда, орталық қызметкері заңнамаға тиісті өзгертулер енгізілгенін, сондықтан жалақысы көп ата-ананың бірі жәрдемақыны рәсімдеуге болатынын айтқан.

"Сол жылдары табысым жоғары еді. Мен бұл жаңалыққа қуанып, ақша аударымы да тиісінше көп болады деп түсіндім. Содан барлық тиісті құжатты жинап тапсырдым", – дейді Журавлев.

Қңірде Журавлев секілді құжат тапсырғандардың саны аз емес. 254 отбасы дәл осындай жәрдемақыны отағасының атына рәсімдеген.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры облыстық филиалы наразылық хат жолдап, мемлекет алдындағы қарызын өтеу туралы хабарландырған.

"Бұл хат бізге 2 наурыз күні келді. Біз 10 наурызға дейін 976 мың теңге төлеу керекпіз. Бір аптаның ішінде. Әлеуметтік желіде де қоқан-лоқы жасалып жатыр. Бізді алаяқ деп атап, қарызды төлеуімізді талап етуде. Мен тұңғышымды босанғанда жәрдемақыны өз атыма рәсімдегенмін. Екінші баланы дүниеге алып келген соң ХҚКО қызметкері жәрдемақыны күйеуімнің атына рәсімдеу туралы ұсыныс жасаған?", – деді ШҚО тұрғыны Татьяна Ермолаева.

Бұл мәселеге қатысты Шығыс Қазақстан облысы бойынша халыққа қызмет көрсету орталығының директоры Азамат Есенболов өз қызметкерлерінің кінәсін толық жоққа шығарып отыр.

"Біз ешқандай ұсыныс жасамайыз. 700-ден астам қызмет түрін көрсететіндіктен, қатаң түрде бекітілген стандарт бар. Егер азамат тиісті құжаттар жиынтығын алып келсе, біз оны қабылдасақ, жәрдемақыны тағайындау туралы шешімді біз емес, уәкілетті орган қабылдайды", – деді Азамат Есенболов.

Осы тұста уәкілетті орган ретінде қызмет ұсынатын – мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры сәбилердің әкелері негізгі табысынан айырылмастан бала күтіміне байланысты жәрдемақыны өз аттарына рәсімдегенін алға тартты. МӘСҚ мұның барлығына заңдағы шикілік себепші екенін мәлімдеді.

"Осы 254 адамның басым бөлігі сол кездегі, яғни 2018 жылдың қаңтарында қолданыста болған заңға сәйкес 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында жәрдемақыны рәсімдеген. Ол заңға сәйкес МӘСҚ филиалы құжаттарды тек стандарттар тізімі бойынша тексере алды. Ол тізімде кірісті растайтын құжат болған жоқ. 2018 жылдың 2 шілдесінен бастап заңға өзгертулер енгізіліп, қор филиалдарына ұсынылған құжаттар мен мәліметтердің дұрыстығын тексеру құзыреті берілді", – дейді мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының облыстық филиалының директоры Нұрлан Қыстаубаев.

Бүгінде азаматтардың қалтасына салмақ түспес үшін қарыз болып қалған ата-аналарға ақшаны бөліп төлеуге рұқсат берілді. Ал Өскемен қаласының тұрғындары өздерінің кінәсіздігін дәлелдеу үшін сот төрелігіне жүгінуді көздеп отыр.